Facebook WhatsApp Instagram

Мәдениет

0

Нұрлан Қоянбаев ең қымбат кинокартинасын көрермендер назарына ұсынды



Белгілі шоумен, актер, продюсер Нұрлан Қоянбаев "Бизнес по-казахски в Корее" фильміне ең көп қаражат жұмсады. Журналистерге берген сұхбатында Қоянбаев ең қызықтысы да осы кино екенін айтты. Отандық киномедияда Нұрлан Қоянбаевтың өзі, Жан Байжанбаев, Гүлнәз Жоланова және басқа отандық өнерпаздар бой көрсетеді. Stan.kz тілшісі фильмнің тұсаукесеріне қатысып, түсірілім тобының мүшелерімен тілдесіп қайтты.
Жыл сайын жаңажылдық мерекелер қарсаңында фильм шығаруды дәстүрге айналдырған Нұрлан Қоянбаев бұл жолы да өз жолынан танған жоқ. Жылдың аяғына дейін сақтаған "сары майын" күні кеше көпшілікке таныстырған Қоянбаев ең көп қаражат жұмсаған фильмі екенін жасырмады.
"Фильмді демеушілеріміздің көмегімен түсіреміз. Мемлекеттен ешқандай қаржы алмаймыз. Бұл фильмнің алғашқы бөлімдеріне 300-400 мың доллар кеткен еді. Осы жолы 500 мың доллар шамасында қаржы жұмсалды. Басында қиындықтар болып, көп шығын кетіп қалды. Қосымша түсірілімдер мен актерлердің тұратын орны, ұшу билеттерін өзгерту, Алматыда болған сценаларды екі қайтара түсіру сынды қиындықтар болды. Осының барлығына көп шығындалуға тура келеді", - деген ол келесі жылы фильмнің жалғасы болатыны туралы құлаққағыс жасады.
"Бесінші бөлімі нақты қайда, қалай болатынын ендігі жылдың ақпан айында хабарлайтын боламыз. Мүмкін Англияда, мүмкін Рейсейде, тіпті, Евротур жасауымыз да мүмкін", - дейді продюсер.
Фильмде "91" тобының мүшесі Азамат Ашмақын (Ace) да эпизодтық рольде ойнайды. Бұл көрермендерді көбірек тарту үшін арнайы жасалған қадам ба деп журналистер сұрағанда:
"Жоқ, олай деп айта алмаймын. Осы фильмнің концепциясына "91" тобы көбірек сәйкес келетін болғандықтан жасалған дүние. Кореяда түсірілгендіктен сол елді еске түсіретін негізгі атрибуттар: k-pop, медицина, дорома сынды дүниелер көрініс табуы керек болды. Сол үшін де "91" тобына ұсыныс тастадық. Олардың бос уақыттары жоғын жақсы білеміз, бірақ соған қарамай келіскендеріне мен қуаныштымын", - деп продюсер актерлік құрамға алғыс айтуды да ұмытпады.
"Қазақша бизнестің" Америка, Африка, Кореядағы үлгілерін көрсеткен Нұрлан Қоянбаев үшін ең ыстығы бірінші бөлімі. Ал шет елде түсірген алғашқы фильмі "Бизнес по-казахски в Америке" есінде ерекше сақталғанын айтады.
Кореяда түсірілетін фильмде сол елдің танымал актрисасы бой көрсететін туралы мәлемет таралған еді деп есіне салғанымызда:
"Біз Сон Хе Ге атты аруға тоқталғанбыз. Оның түсірілім күні соңғы екі күнге жоспарланған еді. Өте қымбат актриса. Біз оған қаражатын да, келісімдерді де дайындап қойғанбыз. Бірақ ол кісі жұйбайымен ажырасып кетуіне байланысты бір жылға фильмдерге түспейтінін жариялаған екен. Сөйтіп кинодан бой көрсетпейтін болды. Бірақ біз ол кісінің продюсерімен кездесіп барлығын келісіп жатқан едік", - деді Қоянбаев.
Танымал корей жұлдызының бір күндік гонорарын сұрағанымызда Жан Байжанбаевтан сәл аздау сұрады деп қалжыңдап жауап берді.
Жастардың сүйікті тобы Ninety one-ның әндері кинокартинада саундтрек ретінде пайдаланылған. "Бизнес по-казахски в Корее" 26-ншы желтоқсаннан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетілімге шығады.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: