Facebook WhatsApp Instagram

Мәдениет

0

Сыр сүлейі - Ешнияз 

Сыр сүлейлерінің генералы атанған, қазақ елінде сал атағын алған екі жыраудың бірі – Ешнияз Жөңілдікұлы.
Сал деген атақты халық кімге берген және ол атаққа қанша адам ие болған? Сал атағы кез келген өнерпазға емес, шынайы талантымен туған халқын таң қалдырған, бір бойына бірнеше өнер сыйған сұңғылаға берілген. Осы ретте, өзінің қайталанбас талантымен туған халқының құрметіне бөленген Ешнияз жырау Сыр елінде сал атағын алған бірден бір өнер иесі. Ел сүйіктісіне айналған ерекше тұлға.
Ал, енді Сыр шайырлары арасында өзіндік өнерімен ел есінде қалған Ешнияз салдың өмір жолына үңілсек. 1834 жылы Қызылдың қиясында орналасқан қарт Қуаңның бойын мекендеген халық арасында айтылып жүрген «Ешнияз бұлағында» өмір есігін ашқан. Ешнияз өсе келе ақындық, әншілік және сазгерлік өнерді өміріне серік еткен екен. Көнекөз қариялардың айтуынша Жөңілдік ақсақал баласының өнерге деген ықыласын байқап, оның талпынысын одан әрі дамытуға батасын берген деседі. Сөйтіп, әке батасын алған Ешнияз өнерге бет бұрады. Ол өз заманының дарынды перзенті. Заман қандай болса, ақынның да жазар өлеңі сол заманға лайықты болары сөзсіз. Ешнияз өмір сүрген дәуір – қазақ халқы үшін шапқыншылықтардың толас тауып, елде мамыражай өмірдің орнаған кезеңі еді. Сол уақыттары ел-халық өнерге, ойын-сауыққа бет бұрып, еңсесін биік көтере бастаған заман, яғни қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заман болды деседі зерттеушілер. Оның ішінде, Сыр халқы егін салып, дархан даласында мыңғыртып мал баққан екен. Жоғарыда айтқандай, маң далада төрт түлігін мыңғыртқан қазақ елі беймарал өмір сүріп, елде сал-серілік те қанатын кеңінен жая бастаған екен.
Міне, осындай жаймашуық заманның өкілі Ешнияз да өзінің өн бойындағы дарындылығын іске асырып, тарих толқынында өзіне жүктелген міндетті, яғни салдық, әншілік, сазгерлік, ақындық қызметті адал атқарып, туып-өскен өңірде осы саланың дамуына сүбелі үлесін қосады.
Ешниязға еріп, өңірде көптеген ақын-жыраулар шықты. Турасын айтқанда ақындық пен жыраулық мектеп өмірге келеді. Елдегі үстем тап өкілдері мен кедей-кепшік арасындағы қарама-қайшылықты өлеңмен жеткізіп, бай-манаптың әрбір ерсі қылығын әшкерелеген Ешнияз сал Сыр халқының жанашыры атанып, көпке үлгі болады. Тек шындық пен адалдықты өміріне серік еткен сөз зергері халықты отансүйгіштік пен татулыққа, сондай-ақ ел бірілігін аңсаумен өмір сүрген ол өзінің өлең-жырлары арқылы өңір жырауларының көшбасшысы атанады. Ол туралы өз шәкіртерінің бірі, шайыр Шораяқұлы Омар «Ұстаздарым» атты өлеңінде:
Ересім шүйрік Ешнияз,
Есіткен жан тоймайтын
Шекермен сөзі барабар, – деп ұстазына баға берсе, даңғайыр ақын Тұрмағамбет «Ел қамын жеген ерлер» атты өлеңінде:
...Өзі түгіл, орнына
Баруға ерлер батпаған,
«Сені ме» деп сырттан қастаған.
Ешнияз сал, Жұбанбай
Жүйрігі еді олардың,
Сылап-сипап наштаған, – деп ұстазының өмірін елге дәріптеген.
Расында да, ақын ел қамын ойлаған тұлға. Қай жерде жүрсе де сол ақындарымыз бір-бірін алыстан танып, бір-біріне айрықша құрмет көрсеткен. Ешнияз сал елде жүргенде өзге ақын-жыраулар сияқты ел билеушілерінің озбырлық көріп, қудалауды да басынан өткерді. Жыр жүлдүлі Ешнияз ақындық пен жыраулықты өмірімен байланыстыра жүріп, ел қамын ойлауды да өз міндетінен түсірмеген. Ол халықты егіншілікке баулып, өзі өмір сүрген өңірде халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізген, халық алдында әділдікті биік қойған тұлға ретінде танылған адам болған. Сол үшінде елдегі бай-манаптар оны қолдамаған.
Міне, ол өмірінің қызыққа толы кезеңдерінде ауылдағы бай-манаптардың кесірінен елден қуылып, өзге жұртты паналайды. Қашып жүріп, сол жылдары Сыр еліне келген күйші Құрманғазымен жолығып, достасады. «Тау таумен кездеспесе де, адам адаммен кездесе» дегендей, бір-бірін сырттан танитын екі өнер жұлдызы жолығысып, төс түйістіреді.
Ешнияз сал Жөңілдікұлы төкпе ақын, сазгер болған. Оның «Гөй-гөй», «Дүрдараз», «Әуия» мен «Жүрек сазы» және «Желдірмая», «Айтжан-ай» сынды өлеңдері сол кездері әр ауылда өткен тойларда айтылып, халық сүйіп тыңдайтын, ел жүрегінен ойып орын алған әндер болған. Сол жылдары қазақ халқының өнері зерттеушісі А.Затаевич 1925 жылы Орынбор қаласындағы баспадан шығарған «Қазақтың мың әні» атты жинағына Ешнияз салдың алты өлеңін жариялаған.
«Сыр елі-жыры елі» деп дана халқымыз үкілеп айдар таққан киелі Қармақшы өңірінің дара тұлғасы Ешнияз салдан тәлім алғандардың бірі – өзінің бел баласы Кете Жүсіп, сонымен бірге шәкірттері Жиенбай, Шораяқтың Омары, Тұрмағамбет сынды жыр алыптары Ешнияздың шығармаларын ел-жұртқа насихаттап, оның өмір жолын өрнектеді. Ұстаз ретінде таныды.
Иә, Ешнияз салды халық тек ақын-әнші және жырау ретінде қабылдаған жоқ. Оны сөз зергері айтыскер ақын ретінде де таныды. Әсіресе, Ырысты қыздың 16 ақынға арнаған жұмбақ өлеңінің жауабын шешуге алғашқы болып қатысқан оның жұмбақ шешу өлеңі бүгінгі күнге дейін жетті. Сондай-ақ, ақын әрі журналист Мұхамбетжан Серәлінің әкесі Серәлімен, Кенекес ақынмен бір-бірінің елінде болып жатқан оқиғалар мен халқының өмірін суреттеуде айтысқа түскен. Ақынның жырлары мен өлеңдері «Үш ғасыр жырлайды», «Бес ғасыр жырлайды» және «Айтыс» атты жыр жинақтарында жарық көріп, олар бүгінгі ұрпаққа жетті.
«Тұлпар орнын тай басар» дегендей, «Жүз шайырдың Отаны» атанған қазіргі Тұрмағамбет ауылынан түлеп ұшқан Ешнияз салды ұстаз ретінде ардақтаған Жиенбай жырау, шайыр Омар Шораяқұлы, даңғайыр ақын Тұрмағамбет, Рүстембек, Ібәш жырау, Наурызбай жырау және басқа да жыр саңлақтарының ізбасарлары Махмутбек Ізтілеуов, Мұзарап Жүсіпов, Әбзәли Егізбаев, Нұрмағамбет Жанаев, Үбісұлтан Аяпов, Әбдікәрім Ахметов, Әбілахат Жанәділов, Запа Дәулетбаев, Бекежан Наурызбаев, Қуандық Бүрлібаев, Жаппар Тұңғышбаев, Сүйімбай Ақбаев сынды шәкірттерінің өнер сабақтастығын Бидас Рүстембеков, Алмас Алматов, Серік Ідірісов, Зәуре Кәрібаева, Қасарбек Кәрібаев, Асылбек Зібайраев, Дінислам Тоқсанбаев, Нұршат Наурызбаева, Серік Жақсұғұлов, Әділхан Қуаңбаев, Сырым Әділбеков сынды қазіргі заманның жыр дүлдүлдері жалғастыруда.
«Тумайды ақын жұртын жылатуға,
Туады көңілдерін нұрлантуға.
Өлеңін орамал қып өтеді олар,
Көз жасын адамзаттың құрғатуға» деп ақындар жырлағандай, ақын жыры – халық жыры дейді халық.
Міне, ақындық пен әншілік, жыраулық өнерді қатар меңгеріп, 1902 жылы өзі туып-өскен «Ешнияз бұлағында» өмір есігін жапқан әйгілі жыр жүйрігі, ұрпақтарына өшпестей әдеби мұра қалдырған Ешнияз сал шығармашылығын зерттеу бүгінгі жас толқын әдебиетшілер мен өнер зерттеушілерінің еншісінде.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: