Facebook WhatsApp Instagram

Мәдениет

0

Тұғыры биік Тұрмағамбет оркестрі

Жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында Сыр өңірінде Тұрмағамбет оркестрі облыстық филармония жанынан 2007 жылы құрылды. Сыр сүлейі атанған атақты шайыр Тұрмағамбет Ізтілеуұлының 125 жылдық мерейтойы қарсаңында тұсауын кескен ұжымға сол кісінің аты берілді. Содан бері олар рухани құндылығымызды дәріптеу, ұлттық өнерді одан әрі өрістету жолында шығармашылық жұмыс жасап келеді. Оркестрдің негізгі құрамын Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжін бітірген кәсіби білікті мамандар мен өнер саласының майталмандары құрайды.
– Бүгінгі таңда оркестр құрамында халық аспабының құлағында ойнайтын 50-ден аса талантты өнер иелері қызмет етеді. Репертуарымызда халық және Қазақстан композиторларының туындылары, классикалық және Батыс Еуропадағы тұлғалардың шығармалары жинақталған. Барлығы 1000-ға жуық ән-күй бар. Соның ішінде күй алыбы – Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Қазанғап, Динаның шығармалары бар. Сондай-ақ, жергілікті күйші-сазгерлер Исламбек Ысқақов, Мұрат Сыдықов, Төлепберген Тоқжановтың туындылары енгізілген. Біз талай мәрте шет елде болдық. Үлкен сахнада өнер көрсеттік. Оркестр құрамы халық әндерін ұлттық нақышта өрнектейді. Оны түрлі аспаптармен әспеттей түседі. Осылайша тыңдарман жүрегіне жеткізеді. Мәселен, кез келген бір туындыны домбыра, бас домбыра, қобыз, қылқобыз, басқобыз контрабасқобыз, жетіген, сырнай, сазсырнай, сыбызғы, шаңқобыз, үрмелі аспаптардың түр-түрімен түрлендіріп шарықтау шегіне жеткізуге болады. Мұның барлығы Ахмет Жұбанов, Нұрғиса Тілендиев, Алдаберген Мырзабеков сынды елге белгілі композиторлардың әнді өңдеу шеберлігінің құдіреті деп білеміз, – деді Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің директоры, Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрінің бас дирижері Кеулімжай Ботабаев.
Оркестр құрамында дирижердің еңбегі ерек. Оның сахнадағы айрықша екпіні мен шалқар шабытын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ол өзінің қимыл-қозғалысын да күйге бағындырғандай. Шалқып-тасып арнасынан асқан әуен, қолына сиқырлы таяқша ұстаған дирижер, ғажайып бір ертегі әлемі көз алдыңда тұрғандай. Әрбір музыкалық шығарма орындалған кезде дирижер ерекше салмақ түскен оркестр мүшесін орнынан тұрғызып, халық қошеметіне бөленуіне жол ашады. Иә, өлмес туындылар тыңдарман жүрегін елжіретпей қоймасы анық. Жүйткіген жылдардың белесі мен зымыраған уақыт бүгінге жеткен қазақтың күй өнерінің ерекше тылсым құдіретін танытты.
– Қазақтың халық әндерінде терең мағына бар. Сондықтан болар, құлақ құрышы қанғанша тыңдап, ерекше әсер алуға болады. Тұлпарлар тұяғының дүбірі мен сайын далада ескен жел ызыңы, байтақ қазақ жерінің кеңдігін осылайша ұлттық музыкалық аспаптар арқылы айшықтауға болады. Жон арқаңызды шымырлатып керемет әсерге бөлеген күй аяқталғанда көрерменнің ыстық қошеметі аяқ астынан кеудемізге қанат бітіреді, – дейді бас дирижер.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: