Facebook WhatsApp Instagram

Мәдениет

0

Ұябай кесенесі

Ұлы даламыздың қасиет қонып, құт-береке дарыған аймақтарының құпия тылсым сырлары көп. Зерттеліп, ғылыми айналымға қосылғанынан, қосылмағаны әлі де көп деп ойлаймыз. Себебі, құпия сырларын ішіне бүккен құм төбелерді қоспағанның өзінде, ашық аспан астында жатқан жәдігерлеріміз қаншама.
Қызмет бабындағы кезекті бір іссапарым Қарақұм ауылдық округінің орталығы Абай елді мекеніне арналды. Білім күнінің шарасына қатысып, 1 қыркүйек күні жас бүлдіршіндерге есігін айқара ашқан 600 орындық жаңа мектептің ашылуымен ауыл тұрғындарын құттықтаған соң, мектеп ішін аралап көрдім. Елдің игілігіне айналған су жаңа оқу кабинеттері көңілге қуаныш ұялатады. Шалғайдағы ауыл үшін, осындай мектептің салынуы тәуелсіздігіміздің ел, халыққа сыйлаған үлкен тартуы, несібесі екендігі кімді болса да қуанышқа бөлейтіндігі сөзсіз.
Кенет оқу залдарын аралап келе жатып, қабырғада ілулі тұрған тарихи ескерткіштің суретіне көзім түсті. Арнайы тоқтап, сұрастырғанда білгенім, елді мекен орталығының шығыс бетіндегі 20 шақырым жерде Ұябай деп аталатын кесене бар екен. Сол жерде тарих пәнінің мұғалімі, осындай тарихи мәселелерге жанашыр болып жүрген өлкетанушы қарындасымыз Есжанова Ләззатқа, аталған кесене туралы мәлімет беруін сұрадым. Тарихи дерек көздері ретінде, «өлкетану – белгілі бір өңірдің табиғатын, халқын, шаруашылығын, тарихын, мәдениетін зерттеумен шұғылданатын ғылым мен мәдениет саласы».
Бізде әлі күнге дейін мән берілмей келе жатқан сала осы өлкетану мәселесі. Елбасымыз өзінің Жолдауында айтқан соң ғана, мектептерде өлкетану курс ретінде енді ғана енгізіле бастады. Қажетті мәліметтер қолыма тиген соң, облыстық мәдениет басқармасына хабарласып білгенімде, Ұябай кесенесі ешқандай мемлекеттік мекемелерде тіркелмеген болып шықты. Арнайы жасалған ұсыныстан кейін, кесене облыстық дәрежедегі тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамының есебіне алынды.
Үстіміздегі жылы ұлттық тарихымызды жаңадан зерделеу туралы келелі кеңес өтті. Осыдан кейін жер-жерлерде бұрын айтылмаған, зерттелсе де, дұрыс тарихи бағасы берілмеген, бірақ халықтың жадындағы мәселелер көтеріле бастады. Осындай мүмкіндікті пайдаланып аудан көлеміндегі өткен дәуірдің тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін ескерткіштерді, жұртшылық табынып, сыйынатын киелі орындарды облыс назарына ұсынып ақпараттандыра бастадық. Мақсат «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қаржыландырылып, қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталған «Бегім ана» кесенесі мен «Бәсібек сағана» тамын насихаттап, кезегін күтіп тұрған «Бекетай би» мазарын, «Қосаман» кесенесін және Ақирек тауындағы «Арыстан баб» бейіттеріне жөндеу, қайта қалпына келтіру жұмыстарының қажеттілігін облыстағы құзырлы орындардың назарына ұсыну.
Өткен ғасырлардағы ата-бабаларымыз қолданған құрылыс өнері мен мәдениетінің ерекшеліктерін сипаттайтын ескерткіштерінің бірі – Ұябай кесенесі. Басына сол заман үшін сәулеті мен сәні келіскен, салтанатты кесене тұрғызылған Ақжан баласы Ұябай кім? Руы Қарасақалдың Сарбасынан тарайтын, ауқатты ортадан шыққан Ұябай сол заманның салтанатты серісі болса керек. Ажарына көркі сай, сұлу сымбатымен, айналасын нұрға бөлеп, көрген жанды өзіне еріксіз табындыратын, жігіттің сұлтаны болған деседі. Әсіресе, домбырашылық өнерді меңгерген бесаспап күйші болған. Ұябай бойындағы сал-серілік, күйшілік өнер әкесі Ақжаннан дарыған. Себебі, Ақжанның өзі де өнерден құр алақан емес, шебер домбырашы. Осындай киелі өнерді бойына сыйдырған Ұябай, «мені домбыра тартудан кім жеңсе, соған ғана үйленемін» – деп өзіне-өзі шарт қойған. Күндердің күнінде бір қызбен күй жарысына түседі. Қыздан жеңілетіндей шамаға келгенде, қыз өзіне соншалықты ұнап тұрса да аяқ киімін шешіп жіберіп, башпайымен күй тартқан. Қаумалаған көптің алдында өзінің әдебін сақтап, мүмкіндігі болып тұрса да, күйші қыз жеңілгендігін мойындапты. Сонда әкесі Ақжан, «сезіміңді намысқа жеңдірдің, енді саған қыз жоқ. Енді менің алып берген қызымды аласың» деп, өзімен деңгейлес Құлымбай болыстың қызы Қымбатқа құда түседі.
Қайран біздің қазақтың арды ойлаған асыл қыздары-ай, десеңізші. Болмаса өнері де, мүмкіндігі де, Ұябайдан кем түспеген күйші апамыз бірінші орынға ата-ана тәрбиесі мен әдеп, ибасын қойып, жігітке жолын берді. Ал, бүгінгі тәрбие қандай, өздеріңіз салыстырып, безбендей беріңіз, құрметті оқырман.
25 жасына дейін серілік ғұмыр кешкен Ұябай, атастырылған қызы Қымбатпен қалыңдық ойнап, құштар көңілдің қызуын басқан, қайтар сапарында айналасы тегіс көрінетін биік төбенің басына шығып, таң тамаша қалады. «Әкем Ақжан дүниеден қайтар болса, осы араға жерлеп, басына биік күмбезді кесене салдырамын» деп өзіне-өзі серт береді. Адамдардың өз ауызымен айтылатын осындай сөздер, кейде тағдырдың кері ағысы, иіріміндей болып өздерін тауып жататындығы бар. Мұндайды атамыз қазақ, «құдай ауызына салып, айтқызып отыр» деп жатады. Ұябайдың да ауызына құдай салған шығар, көп ұзамай барған сапарынан алған сыбағасы болар, кенеттен ауырып көп ұзамай қайтыс болды. Жанына балап, келешегінен үлкен үміт күткен сүйікті ұлының өліміне күңірене қайғырып теріс қарап жатып алған Ақжан, «баламның денесі қарайып кетіпті, көз тиген. Енді баламның баласына аманат өнерден аулақ болсын» деп, ұрпақтарына өсиет қалдырған.
Бұл бір тарих, қайғыдан қан жұтып отырып айтылған, Ұябайдай ардақты ұлын өлімге қимаған әкенің зарлы өкініші болатын. Болмаса, қай әке балаларының «сегіз қырлы, бір сырлы» болуын қаламайды. Тағдырдың тура келген құрығы, Ұябайдың өзіне топырақ дәл сол жерден бұйырды. Өзі армандаған еңселі күмбезді кесене, әкесі Ақжанның бас болуымен өзіне арнап тұрғызылды. Осылайша өзі туған сайын даланың төсінде, тарихта аты қалған Ұябай кесенесі пайда болды.
Кесене күйдірілген қыштан тұрғызылған, күмбезді архитектуралық кешен. Нақтылы тарихи дерек жоқ. Дегенмен, ауыз екі тарих айту дәстүрімен межелегенімізде, салынғанына бір жарым ғасырға жуық уақыт болған. Кесененің салынған уақыты шамамен 1893 жылдары. Себебі, Ақжанның кенже баласы Абат, кесене салынғанда мен жеті жаста едім деп, туыстарына естелік қалдырған. Абаттың өзі 1968 жылы 82 жасында қайтыс болды. Сонда, Абат 1886 жылы өмірге келген. Құрылыс басталғанда ол кісінің жеті жаста екендігін ескерсек, кесене 1893 жылы тұрғызылған болып шығады. Осы бір дерекке сүйенер болсақ, Ұябай 1868 жылы дүниеге келіп, 1893 жылдары өмірден озған болып саналады. Ұзақ уақыттың тезіне, жаңбыр мен қар суына шыдап келген кесене, соңғы жылдары сыр берген. Сыртқы қабырғаларының кірпіштері өрнегі өшіп құлаған. Ішкі қабырғаларының кейбір жерлерінде қаланған кірпіштері үгітіліп барады. Биік күмбездің үштің екісіндей бөлігі құлап түскен. Күмбездің бірнеше жерінде айналдыра терезе тәрізді ойықтар, өрнек түрінде жасалынған. Кірпіштері сол маңайдағы құмдауыт топырақтан дайындалған. Күзге салым уақыт болса керек. Ағытып жіберген биелерді қайта байлатып биенің сүті мен жылқының қылын туратып, араластыру арқылы иі қандырылып барып куйдірілген. Бір замандағы сәулеті мен сәні келіскен ғажайып архитектуралық құрылыстың бүгінгі жағдайы өте ауыр. Тез арада мемлекеттің қамқорлығына алынып, мәдени мұра бағдарламасының аясында қайта қалпына келтіру, жөндеу жұмыстары жүргізілмесе, аудан көлеміндегі санаулы ғана, күйдірілген қыштан салынған тарихи ескерткіштен айырылып қалатындығымыз анық болып тұр.
Өзінің салыну стилі, архитектуралық құрылысының бірдейлігі жағынан, күмбезі мен сыртқы қабырға өрнектерінің сәйкестігі тұрғысынан да, Ұябай кесенесі, Сыр бойындағы «Бекетай бидің» мазарына өте ұқсас. Қабырғаның күмбезбен байланыстырылған үстіңгі ернегін бастыра тігінен өріліп жабылған кірпіштерінің өрнегінде де ұқсастық көрініп тұр. Күмбезді айналдыра салынған терезе тәрізді өрнекті ойықтар да, өзінің орналасу формасы жағынан дәл келеді. Ұябаймен бірге туған Көкеннің баласы Балапаннан тарайтын, бүгінгі күні 66 жастағы Қуандық ағадан кесенені тұрғызған шебер туралы сұрағанымызда, ол туралы нақтылы деректің жоқтығын алға тартты. Бір анығы, шебер ұстаның Хиуадан келгендігі. Бекетай бидің мазарын салған, Нұрымбет баласы Әбілбай шебер де қыш қалау тәжірибесін Хиуада жүріп әкесінен үйренген. Ұябай кесенесін тұрғызу кезінде де, тапсырыс беруші ағайындарымен келіспей қалған ұста жоғарғы жағындағы екі-үш кірпішті байланыстырмай кеткен. Себебі, Ақжанның бір баласы Ашубай, ұсталарға күз болып қалды тездетіп бітіріңдер деп қысым көрсеткен. Кейіннен ағайындары сол жерлерін өз мүмкіндіктерімен жапқан.
Кесененің салынған уақыты шамамен ХІХ ғасырдың 1893 жылдары деп шамалайды, Қуандық аға, өзінің үлкендерден естіген естелігіне сүйеніп. Бұл кезең Әбілбайдың қыш қалаушы шебер ретіндегі атағының дүрілдеп тұрған шағы болатын. Қазалы темір жол вокзалы мен Бекбауылдағы темір жол көпірінің астындағы тастан өрілген қалау жұмыстары дәл осы Әбілбайдың қолтаңбасы. Осындай себептерге байланысты Ұябай кесенесін, Әбілбай шебер салған болуы мүмкін деп болжам жасаймыз. Әрине, нақтылы тарихи дерекке сүйенген дәлелді болжамдар шығып жатса, біз ондай шындық алдында шегінуге дайынбыз. Мүмкін, біздің болжамдарымыздың тарихи шындыққа жол ашуы да ғажап емес. Тарихи зерттеулердің шындығы осындай болжамдар мен пікірталастардан кейін ашылатындығы белгілі.
Кесенеге Ұябайдан кейін әкесі Ақжан мен әжесі Бөбекен және Ақжанның адал қызметші, жылқышысы жерленген. Төрт адамның мүрделері бар. Әкесі Ақжан өте киелі, қыдыр көрген, құманына қара су ұйыған қасиетті адам екен. Жылқышысының адалдығы сонша, ұйыған қара судан ерініне тигізіп, ауыз тиместен Ұябайға әкеліп беретін көрінеді. Есігін баққан қызметшісі болса да, бірін-бірі құрмет тұтқан, сыйлас жандардың, өнегелі өмірлерінің соңы о, дүниеде де бірге, қатар жатуларында болып тұр. Кеңестік идеология қаншама қаралап, қарама-қарсы қойса да, қазақ қоғамында осындай адамгершіліктің алтын арқауларының бар екендігін көлеңкелей алмады. Қазақтың киесі мен қасиеті де, осындай ақ жүрек, адамгершілігінде жатқандығын бүгінгі жас буынның біліп жүргендігі дұрыс деп есептейміз. Небір қиын-қыстау замандардың өзінде ұлтымызды құрып кетуден сақтап қалған бай мен кедейдің, нағашы мен жиеннің, үлкен мен кішінің арасындағы сыйластық, бауырластық және адалдық сияқты құндылықтар екендігі бұлжымайтын ақиқат.
Ақжан мен Ұябайдың аруақ қонған киелі адамдар екендігінің нақтылы куәсі болған адамдар бар. 2009 жылы Қуандық ағаның өзімен бірге туған апасының қызы, туған жиені Гүлдана, аяқ астынан көтеріліп ауырып, ешкімге дес бермей арпалысты. Оның үстіне түнімен ұйықтай алмайтын жағдайға жетті. Дәрігерлерге көрінгенімен, еш дауа болмады. Қиналған сәтте өзінің де ынтасы нағашылары Ақжан мен Ұябайдың басына барып түнеуге ауып, олар да жиендерінің тілегін мақұл көрді. Оқиғаның куәсі болған Қуандық аға, кесененің ішіне барғанда Гүлдананың отыра қалып неше түрлі дауыспен аруақтармен тілдесе бастағандығын көрді. Біршама уақыт өткенде Гүлдананың ауызымен айтылған өзгеше бір дауыс, әй, Қуандық мына қызды сыртқа шығар бейіттің қабырғаларын сипасын демесі бар емес пе? Айтылған сөз бұйрық түрінде, сол сәтте орындалды. Кішкене демалған соң, сол жердегі Ұябай атымен аталып кеткен скважина суына бет-ауызын жуған Гүлдана ерекше ажарланып шыға келді.
Бейіт басына келгенше машина ішінде әрқайсысымызға бір тап беріп, арпалысып келген қыз осыдан кейін сабасына түсті. Ауылға келіп демалған соң, Гүлдана айналайын бейіт басына барғанда кімдермен сөйлестің деп, нағашысы сөзге тартты. Бір жағы ақ, бір жағы қарайып көрінген өте ажарлы, сұлу, келбетті кісі, «сен үшін төртқараның үш шалымен бірге бармаған жерім жоқ, келдің бе айналайын деді». Бұл кесенеге кірген бетте тура төрде Ұябайдың жатқан жері болатын. Гүлдананың сөзінен кейін барып, Ұябайға тіл-көз тиіп ауырғанда денесінің қарайып кеткендігі есіме түсті дейді, Қуандық аға.
Ұябайдың аян беруінен кейін, Гүлдана науқасынан толық жазылып намазға жығылды. Тұрмысқа шығып үш баланың анасы атанған ол, бүгінгі күні Алматы қаласында тұрады. Ешқандай дәрігерлік ем қонбаған Гүлдананың науқасы нағашыларының аян беріп, желеп-жебеуінен кейін қайталанған жоқ.
Әлі күнге дейін дамыған ғылымның өзі толық түсінік бере алмаған тылсым күштердің шарапаты, аруақтың киесі мен қолдауы деген ұғымдар біздің бәрімізді де ойландырып, тәубеге келтіретін құдірет екендігін мойындауға тиістіміз. Осы оқиғадан бірнеше жыл өткеннен кейін, елге келген Күлән деген құмалақшы әйел, «сіздерде аруақтармен тілдескен адам бар екен ғой» – деп таңданысын жасырмады.
Сыртқы қабырғаларының кірпіштері түсіп, күмбездің жоғары жағы құласа да, айналасында көп кірпіш жоқ. Себебі, ХХ ғасырдағы ақ сирақ жұт, ашаршылық қысқан зұлмат жылдары, көп адамдар Ұябай мен Ақжан жатқан кесенеге келіп паналаған. Аштан қырылғандарының сүйектері кешегі күндерге дейін шашылып жатса, көпшілігі осы жерден жандарын сақтап, өмірге жолдама алғандай болды. Осындай қилы замандарда көптеген адамдар кесене кірпіштерін әр түрлі қажеттіліктеріне жаратқан көрінеді. Қарап отырсақ, жаратушы иеміздің құдіретімен Ұябай кесенесі көп адамдар үшін пана болған. Оған, көне тарихтан сыр шертетін, құйма-құлақ қарттар сөзі куә.
Уақыт пен кеңістік деген ұғымдардың аясында талай тарихи деректер мен аңыз, әңгіме, шежірелерді өзімен бірге ішіне бүккен жазылмаған, ашылмаған кітап тәрізді құм төбелер қаншама. Сол құпиясымен талай зерттеушілерді ынтызарлық пен өзіне тартқан төбелердің бірі, Ұябай атымен аталған киелі кесене азғана тарихты ұрпақтарына ашқандай болды. Әттең, ертерек қамданған жандар болса, өткен дәуірдің тарихы мен өнерінен, салты мен дәстүрінен көп мағлұматтар беруге сараңдық танытпайтындай екен. Ол сараңдық кесенеге жерленген тарихқа белгілі адамдардан емес, құнды дүниелерді жинап-теріп алып қала алмаған өзімізден болса керек. Азғана дүние дерекке қанағат қылмасақ та, ризалықпен жұртшылыққа ұсынуды жөн көрдік. Өткен тарихымызға деген құштарлық әлі де, зерттелетін, ашылатын құпия парақтар бар деген үміт оты. Үміт бар жерде, ізденіс бар, ниет бар. Осы ниет әлі де, көптеген белгісіз құпия сырларды ашуға жол бастары сөзсіз.
Тәңірберген ДӘРМЕНОВ.
Арал ауданы.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: