Facebook WhatsApp Instagram

Мәдениет

0

Жас ұрпаққа ұлттық өнерді үйретеді

Қалалық оқушылар сарайында қойдың жүнінен түрлі пішінде кесте орамалдар мен қазақы нақышта киім үлгілерін жасайтын жеткіншектер бар. Жаңақорғанның саз балшығынан түрлі пішінде құмыра мен шағын табақ, адам мүсіні
секілді бұйымдар жасауға құмар жасөспірімдер халық қазынасының құнын түсіне бастады.
Мұнда елу үйірме жұмыс жасайды. Салтанат Қожантаева жетекшілік ететін «Асыл мұра» үйірмесі 2004 жылдан бері біраз шәкірттің шығармашылық шырағын жағып, жүйелі жұмыс жасап келеді. Жергілікті қой жүндерін жібектей етіп түтіп, жылы су мен сабынды біріктіру арқылы қуыршақтар мен Сақ дәуіріндегі сәукеле, қамзолдарды, балалар аяқ киімдерін жасайды. Тағы бір атап өтерлігі, оған жергілікті қой жүндерін аз пайдаланады. Себебі, біріге бермейтін көрінеді. Сондықтан көбіне еліміздің Алматы, Жамбыл облыстарының меринос қойларының өнімдерін алдыртып, іске асыруда.
– Басты мақсатымыз – жеткіншектердің жеке шығармашылығын дамыта отырып, ұлттық қолөнер құндылығын ұғындыру арқылы бабалар мұрасын насихаттау. Іске кіріспес бұрын арнайы жұмыс формасын кию, алжапқыш тағу, құрал-жабдықтарын сайлап алу қадағаланады. Мұнда 3-11 сынып оқушылары білім алуда. Көбіне қолөнерге бейімді, талантты балалар қамтылады. Бір бұйымды жасауға 3 сабақ жеткілікті. Қазір үйірме мүшелері наурыз мерекесіне арналған бұйымдар әзірлеп жатыр. «Ата – баба мұрасын сақтаймыз және дамытамыз» тақырыбында республикалық балалар шығырмашылығы байқауынан жеңімпаз атандық. Болашақта шәкірттеріміз үлкен өндіріс бастауы боларына бек сенімдімін. №101 мектептің 5 сынып оқушысы Айерке Еламан әжесіне, бауырларына өзі жасаған дүниелерін тарту еткен. Көршілері қызығушылық танытып отыр. Міне, еңбегіміздің бір ғана көрінісі,- дейді үйірме жетекшісі.
Сонымен қатар, қолөнер саласында ерте заманнан қалыптасып, қолданылып келген өнердің көне әрі күрделі түрі – мүсін жасау өнері. Осы қолөнер түрі аса шыдамдылық пен табиғи талантты қажет етеді. Сыр еліне алғаш мүсін өнерін Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі Олжабай Шолақов әкеліп, шәкірт тәрбиелеген. Содан тәлім алған Ескендір Сермаханов білгенін бала бойына сіңіріп келеді. «Көркем қыш және мүсін үйірмесі» тура үш жыл бұрын басталған. Қазіргі таңда, аптасына екі рет сабақ өткізеді.
– Үйірмеде екі топ тәрбиеленуде. Қала әкімінің қолдауымен арнайы станоктар алдық. Жаңақорған ауданының «Бірлік» ауылындағы көл жағасынан саз балшықтар әкеліп, қала маңынан саз қосындысын араластырып түрлі пішінде бұйымдар жасаймыз. Сапалы болу үшін 1000-1500 градус ыстықта күйдіру шарт. Келешекте цех ашу мақсатымыз бар. 2017 жылы қолөнер бұйым жасаушылар арасында «Ұлттық қуыршақтар» аталымы бойынша бас жүлде иелендік. Үстіміздегі жылдың күз айында Түркістан облысына байқауға шақыру алдық. Қазірден дайындықтамыз. Әлихан, Дінмұхаммед секілді шәкірттерден үміт күтемін. Қолөнер – қазақтың байлығы. Оқушы шығармашылығын шыңдау – ұлттық қолөнерге баулудан басталса, біздің үлкен жетістігіміз. Әр бұйым көздің қарашығындай сақталып, ұрпақтан - ұрпаққа жалғасары хақ. Ұлтымыздың мұралары - мәдениет негізі, – дейді үйірме жетекшісі.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: