Оразай ишан Бұғыбайұлы – Орта жүзге қарасты найман руынан шыққан үлкен діни ғұлама, әулие, ишан, ағартушы. Шамамен 1809 жылда "Зіңкетер" атты (Сұлутөбе тұсында) елдімекенде туған. Ол әуелі Қоқан хандығында әскер басыларының бірі болып, кейін жасы ұлғая келіп, әскери қызметін тастап, әйгілі Марал ишанның шәкірті Құлболды ишанға қол беріп, бата алып, біржола дін ісіне көңіл қойған.
Көршілес ауылдағы Құлболды ишан оны көп шәкірттерінен бөліп, "ишан" атандырған. Оған оның бойындағы дара қасиеттері себеп болса керек. Ол бала кезінен ауыл молдасынан сауат ашып, хат таниды.
Түркістан уәлаятын билеген өзбек әмірі Оразайды қазақ елінен алым-салық жинайтын уәкіл (бек) етеді. Көп ұзамай ол бұл кәсіптен бас тартып, ишандыққа ден қояды. Оразай ишан арқа елінде дін уағыздау, сауат ашу, намаз үйрету жолында көп еңбек сіңірген.
Сырдарияның арғы бетінде (Сұлутөбе тұсында) "Зіңкетер" деген жерде молдалық құрып, мешіт ұстап, бала оқытып елге қызмет жасаған. Кейін ізіне ерген елін бастап, тұрақты мекен етпек оймен Қаратауға бет түзейді. Жолай сұлутөбелік би-датқалар: "Бізге пір бол", - деп қолқа салып, "Көксу" бойындағы "Сарышығанақтан" қоныс береді. Сөйтіп, Оразай ишан осы жерді мекендеп қалып, "Сарышығанақта" 1898 жылы дүниеден өтеді.
Кезінде қазақ даласын билеген Қыпшақты Досбол, Балаби, Торғай, Тұрсынбай атты төрт датқа осы Оразайды аса құрмет тұтқан. Оразай ишанның бір дара қасиетін оның алғырлығынан көруге болады.
Ел ауызында мынандай әңгіме сақталған. Оразай әскер қызметінде жүрген кезде, Қоқан билігі әскер жіберіп, Ақмешіт маңын қыстап отырған Досбол датқаны тұтқынға алмақ болады. Мұны білген Оразай бір кісіден бір тал қауырсын мен бір шөкім шай беріп, "тез, датқаға жет" деп жұмсайды. Хабарды алған Досбол "шәй қайнатым уақытта құстай ұш дегені ғой" деп, табанда атқа мініп, қонысын тастап шығады. Артынша келген Қоқан әскері оны таппай, бос қайтыпты.
Егер осы хабарды ауызша айтса қалай болар еді. Бәлкім, жолай біреу естіп қалар ма еді? Осыдан Оразай ишанның дара қасиетін, ойлылығы терең астарлығында жатқанын көреміз.
Оразай ишан кесенесі (ХҮІІІ ғ.) – жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші. Бұл кесене Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Сұлутөбе ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 15 шақырым жерде орналасқан.
Кесене ішінде 2 мүрде бар, бірі – үлкен, екіншісі –кіші. Ескерткіш көлемі 8х10 м, биіктігі шамамен 6 метрді құрайды. Кесене ауыл қорымының ортасында орналасып, айналасы сыммен қоршалған.
Кесене 2005-2006 жж., 2008-2011 жж. "Мәдени мұра" бағдарламасы аясында Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының барлау экспедициясы (жетекшісі Ж.Құрманқұлов) кезінде зерттеліп, тізімге алынған.
"Свод памятников истории и культуры Республики Казахстан. Кызылординская область" атты кітапқа енген.
Гулсара ӨТЕБАЕВА,
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану
музейінің ғылыми қызметкері