Сыр елінің өнерлі жастары Арал ауданында болып, халыққа Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Өнер керуені» атты концерттік бағдарламасын ұсынды.
Дәстүрлі ән мен жырды, күмбірлеген күйді насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шарада халықаралық, республикалық жыр-термелер фестивалінің жүлдегері Марат Сүгірбай, халықаралық шабыт фестивалінің гран-при иегері Батырхан Сәрсенхан, мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Назгүл Бердіқожа, , республикалық жыр мүшайларының жүлдегерлері Төрехан Нысабек пен Назерке Өрқара, «Самғау» жастар сыйлығының иегерлері Серікхан Жүзеев пен Мақсат Дауылбай, «Алтын жұлдыз» сыйлығының иегері Мөлдір Айтбай, республикалық айтыстардың жүлдегерлері Сырым Әділбек және Бибігүл Тілеуболдинова, халықаралық, республикалық жыр-термелер байқауының бірнеше дүркін жеңімпазы Күнсұлу Түрікпен, халықаралық ән конкурсының жеңімпазы Эльвира Есназарлар өнер көрсетті. Облыстың мәдениеті мен өнерінің дамуына үлестерін қосып жүрген өнер майталмандары дәстүрлі әннен шашу шашса, ақындар сезімдерін өлеңмен өрбітіп, айтыскерлер тапқырлықтарымен дүйім жұрттың делебесін қоздырды. Бір жарым сағат уақытқа созылған шығармашылық шара тыңдарман қауымды бір серпілтіп тастады. Концертті тамашалаған аралдықтар өнерлі жастардың шығармашылығына , орындаушылық шеберлігіне тәнті болып, оларға құрметтерін көрсетіп, алғыстарын айтты.
Қызылорда облысының барлық аудандарында өнер кештерін ұйымдастырған Сыр өнері саңлақтарының ендігі бағыты – Қазалы ауданында.