Facebook WhatsApp Instagram

Саясат

0

Төтенше жағдайлардың алдын алу мәселесі талқыланды

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысы өтті. 
Отырыста 2021 жылғы өрт қауіпті кезеңге дайындық шаралары және жазғы кезеңде облыстың су айдындарында қауіпсіздік туралы екі мәселе қаралды. Алғашқы мәселе бойынша сөз алған облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Руслан Қайрақбаев аймақтағы өрт сөндіру мекемелерінің жай-күйі туралы баяндады. 
- Облыстық табиғатты пайдалану және табиғат ресурстарын реттеу басқармасына қарасты 8 мемлекеттік мекеме бар. Қалалық және аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемелер 54 өрт сөндіруші, 9 өрт сөндіру автокөлігі, 26 дана өрт сөндіру тіркемесі, 14 дана мотопомпасы және 77 дана радиостанциямен қамтылған. Сонымен қатар 370 дана ұрғыш, 72 дана балта, 222 дана күрек, 16 дана бензопила, 45 дана арқаға салып жүретін өрт сөндіргіші алынған. Мекеменің өрт-техникалық жабдықталуы 30%-ды құрайды. Аймақтағы орман шаруашылығы мекемелеріне өрттерді дер кезінде жою және анықтау үшін өрт мұнарасы және басқа да құралдар жеткіліксіз. Бірқатар ауданда өрт сөндіру техникаларын жаңарту қажет, - деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Руслан Қайрақбаев.
Баяндамадан соң облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өткен жылы аймақта орын алған 41 өрт бойынша тиісті құжаттар тергеу реттілігімен төтенше жағдайлар департаменті полиция департаментіне жолданғанмен, өрт оқиғалары бойынша бір де бір кінәлі тұлғалар анықталмағанын атап өтті. Құзырлы органның тиісті жұмысты атқармай отырғанын айтқан аймақ басшысы полиция департаменті басшысына аталған қызметтің жұмысын жеке бақылауға алуды тапсырды. Сонымен қатар, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мен облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшыларына орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық қамтамасыз етілуін қамтамасыз етуді жүктеді.
- Белгілі болғандай облысымыздағы  орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық қамтамасыз етілуі 30 пайызды құрауда. Осыған байланысты, орман шаруашылығы мекемелерін материалдық-техникалық жарақтандыру үшін 2021 жылдың бюджетін нақтылау барысында және келесі жылдарға қаржы қарастыруды тапсырамын. 2021-2025 жылдарға облыс аумағының елді мекендерінде өрт сөндіру бекеттерін құру жоспарына сәйкес, ағымдағы жылы Қазалы ауданы бойынша Сарыбұлақ және Бозкөл ауылдық округтерінде өрт сөндіру бекеттері ашылуы тиіс. Қала және аудан әкімдеріне, ағымдағы жылдың 1-ші тамызына дейін құрылған өрт сөндіру бекеттерін бөлек ғимараттар мен қажетті өрт сөндіру құрал-жабдықтарымен жарақтандыруды немесе мемлекеттік емес өртке қарсы қызметімен келісім-шартқа отыруды, нәтижесі бойынша облыстық төтенше жағдайлар департаменті тексеріп, жеке өзіме баяндасын, - деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Мұнан соң күн тәртібінде екінші мәселе жазғы кезеңде облыстың су айдындарында судағы қауіпсіздік шаралары сөз болды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Руслан Қайрақбаев өткен 2020 жылы облыс бойынша суда 39 адам қаза болғанын, ағымдағы жылы 7 адамның суға кету жағдайы тіркеліп, оның 4-еуі балалар екенін жеткізді. 
Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова қауіпсіздік шараларын сақтау мақсатында тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырмалар берді.
- Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері өз аумақтарындағы демалыс орындарының талаптарға сай болуын қарастырсын. Оларды қоғамдық құтқарушылар және суда құтқару құралдарымен жабдықтасын. Ағымдағы жылдың 15 мамырына дейін суға шомылу орындарын түгендеу, су айдындарында жаппай демалу, туризм және спорт үшін орындарды айқындау, оларды нақты иеленушіге бекітіп беру жұмыстарын ұйымдастырсын. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірлесіп, жұмыссыздар есебінен жазғы маусымда қоғамдық құтқарушыларды іріктеп жұмысқа тартуды және жедел құтқару жасақтарынан дайындықтан өтуін ұйымдастырсын. Облыстық полиция департаменті  суға шомылу маусымында көпшілік демалатын орындарында қоғамдық қауіпсіздікті сақтау шараларын қадағаласын, - деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Сондай-ақ өңір басшысы су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі үгіт-насихат материалдары мен жаднамаларын бұқаралық-ақпарат құралдарында жүйелі түрде жариялану қажеттігін де баса айтты. 

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: