Facebook WhatsApp Instagram

Саясат

0

Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен кеңейтілген жиын өтті

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен кеңейтілген мәжіліс өтті. 
Жиынның күн тәртібінде Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу шаралары, білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру және жергілікті қамтуды дамыту туралы 3 мәселе қаралды. Алғашқы мәселе бойынша баяндама жасаған облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Медет Усаин ағымдағы жылы облыс бойынша Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының қоздырғыштары болып табылатын кенелерден «қолайсыз» ретінде 113 елді мекен анықталғандығын жеткізді.
Анықталған 113 елді мекендегі барлық 567 мың 318 мал басына және жалпы көлемі 2 млн. 352 мың 450 шаршы метрді құрайтын 33 мың 385 қора, суат-шаңлақтарға көктемгі және күзгі залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда, Қызылорда қаласы мен Жалағаш, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандарында көктемгі залалсыздандыру жұмыстары толығымен аяқталса, Қармақшы аудандарында ІІ-ші кезең жүргізілуде. Қазалы, Арал аудандарында І-ші кезең жалғасуда. Көктем айы басталғалы облыс аумағында «Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы нақтыланған» жағдайы бойынша шұғыл түрде қосымша залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді.
Аймақ басшысы көктем-күз айларындағы залалсыздандыру жұмыстарының уақытылы әрі сапалы жүргізілуі бойынша бірқатар тапсырма берді. Атап айтқанда, Қызылорда қаласы мен аудан әкімдеріне залалсыздандыру жұмыстарының сапалы жүргізілуі үшін елді мекендердегі мал қоралары мен оның сыртқы аймақтарының механикалық тазалануын қатаң бақылауға алып, тұрғындар арасында өз иеліктеріндегі мал бастарын кенеден жеке қорғау шараларын ұйымдастыру жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізу тапсырды. Ал, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне тиісті сала басшыларымен бірлесіп, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы індетінің алдын алу бойынша профилактикалық шаралардың тиімді әдісін ұсынып, бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттауды ұйымдастыруды жүктеді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова баяндады.
Облыс бойынша білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бағытында Қазақстан Республикасы Президенті Жолдауында және «Білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасында белгіленген міндеттер мен тапсырмалар, көрсеткіштер кезенмен бекітілген жоспарға сәйкес орындалуда.
2021 жылға білім саласына 173,6 млрд. тенге бөлініп, былтырғы жылмен салыстырғанда қаржыландыру 8 пайызға артқан. Бүгінгі күні облыстағы 669 мектепке дейінгі ұйымда 58 519 бала тәрбиеленуде. Облыста жекеменшік балабақшалардың үлесі 74% құрайды.
Облыстағы 60 қосымша білім беру ұйымдарына 53 012 оқушы қамтылса, мектеп жанындағы үйірмелерге 84 020 оқушы тартылған. Облыста 550 орындық 3 қосымша білім беру ұйымының құрылыстары жүргізілуде (Қармақшы, Жалағаш, Қызылорда). Оның ішінде, екі ғимарат жаңа оқу жылына іске қосылса, бір ғимарат жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
2020 жылы «Жол картасы» аясында 5 колледждің оқу ғимараты, оқу-өндірістік шеберханалары мен жатақханаларына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 2,1 млрд. теңге қаржы бөлінді. Оқу орындары ақылы оқу мен ақылы қызмет түрлерінен табыс табу көздерін жүзеге асырып келеді. Атап айтқанда, жылы-жайда көкөніс өсіру, күріш, жоңышқа дақылдарын егу, бау-бақша, жеміс-жидек өсірумен айналысуда.
Облыс әкімі білім саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру бойынша нақты тапсырмалар берді.
- Білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында белгіленген индикаторлар мен көрсеткіштердің мерзімінде орындалуын қамтамасыз етіп, жазғы маусымда балалардың тынығуы мен сауқтырылуын сапалы ұйымдастыру қажет. Жазғы уақытта балалардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы шараларды бақылауға алыңыздар. Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы білім басқармасымен бірлесіп, салаға қосымша қажетті қаржы көлемін қайта пысықтап, тиісті ұсыныстар енгізсін. Бюджет есебінен салынып жатқан мектеп құрылыстарының мерзімінде пайдалануға берілуін қамтамасыз етіңіздер, - деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Жергілікті қамтуды дамыту туралы облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев баяндама жасады.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тапсырмасына сәйкес ағымдағы жылдың ақпан айында 2019-2020 жылдар кезеңінде жергілікті атқарушы органдардың қызметінде жергілікті қамтуды дамыту жөніндегі шаралардың тиімділігін бағалау үшін тексеру жүзеге асырылды. Тексеру қорытындысы бойынша облысымызға жақсы деген баға қойылды.
Өңірде цемент зауыты, кірпіш зауыттары, темірбетон, асфальт-битум бұйымдарын, әк, полиэтилен құбырларын, желім, әртүрлі фракциядағы қиыршық тасты өндіретін кәсіпорындар жұмыс жасайды.
Аймақ басшысы «Жұмыспен қамту жол картасы - 2021» мемлекеттік бағдарламасы және құрылыс-монтаждау жұмыстары аясында тауарларды сатып алудағы жергілікті қамту үлесін 90%-ға дейін жеткізуді тапсырды. Сонымен қатар, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен іске асатын жобалардың сметалық құжаттамаларына сәйкес отандық құрылыс материалдарын нақты сатып алуға мониторинг жүргізілу қажет екенін айтты.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: