Қызылордалық делегаттар съезден алған әсерлерімен бөлісті
Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Нұр Отан» партиясының кезекті XVI съезіне Қызылорда облысынан 60 делегат қатысып қайтты. Бүгін делегаттар БАҚ өкілдерімен арнайы баспасөз мәслихатын өткізді.
Алғаш сөз алған Қорқыт Ата атындағы ҚМУ ректоры Қылышбай Бисенов «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынған қазақстандық мемлекеттілікті нығайтудың 5 реформасымен таныстырды. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы Президент сайлауына Н.Назарбаевтың кандидатурасын ұсынғандығын ерекше атап өтті.
Съезде Елбасы Қызылорда облысына арнайы тоқталды.
- Тәуелсіздік жылдарынан бері еске алатын болсақ, барлық жағдайымызды бір ғана Қызылорда өңірімен-ақ салыстырып білуге болады, - деді Елбасы.
Расында қазір өңірде өрісті өркендеу бар. Бұл Елбасының қиыншылық кезде Сыр еліне қамқорлық танытуының нәтижесі. Мемлекет басшысының өзі «Алаштың анасына» балаған аймақ экономикасы нығайып, әлеуметтік саланың әлеуеті артып келеді. Делегаттар Елбасына қызылордалықтардың атынан жасалып жатқан жұмысқа алғыстарын жеткізді.