Қызылордада тарифтерге қатысты мәселелер талқыланды. Жиынға ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің төрағасы Серік Жұманғарин, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Нұржан Әлібаев қатысты.
Комитет төрағасының пікірінше, инвестициялық бағдарламалардың орындалуына бақылау жүргізу тұтынушылардың мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етеді.
Мемлекет басшысы жақында «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар мәселесі бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнама актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Жаңадан қосылған түзетулер ағымдағы жылдың 17 мамырынан бастап қолданысқа енгізілді. Бұл заң коммуналдық саланың жұмысын жүйелеуге бағытталған. Сондай-ақ, су мен жылу, электр энергесиясы нысандарындағы кемшіліктерді жою, көрсетілетін қызметтің сапасын арттыруды көздейді.
- Заңнамаға енгізілген бірқатар түзетулер коммуналдық саладағы істің нақты жағдайын ескереді және жылу, су, электр энергиясы аясындағы субъектілердің залалдылығын, кемшіліктерді жоюға және осы көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың шағымдарын болдырмауға бағытталады, - деді ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің төрағасы Серік Жұманғарин.
Мамандар заңның жаңа бағыттары Сыр өңірі үшін тиімді екендігін айтып отыр. Сонымен қатар, жиынға қатысушылар Еуропаның қайта құру және даму банкі арқылы іске асырылатын пилоттық жобалар негізінде тариф құрудың жаңа механизмдерін қарастырды. Шетелдік қаржы ұйымдарымен жұмыс жасауды Елбасы үнемі айтып жүр. Қызылорда облысы әкімдігі мен Еуропаның қайта құру және даму банкі арасындағы келісімге сәйкес облыс орталығының электр, жылу және су желілерін қайта жаңғырту жобаларын жүзеге асырылады.
- Еуропалық қайта құру және даму банкімен Қызылорда тығыз байланыста жұмыс жасап жатыр. Бүгінде 60 миллиард теңгеден астам қаржыны құрайтын 8 жобаны бірлесе жүзеге асырудамыз. Оның негізгілерінің бірі банк біздегі жылу орталықтары мен электр жабдықтарын жаңғыртуға және сумен қамтамасыз етуге қаржы бөледі. Бұл Қызылорда облысының экономикалық-әлеуметтік ахуалын көтерет болады, - деді облыс әкімінің орынбасары Н.Әлібаев.
Субъекті үшін даму және пайдалылық тұрғысынан алғанда, жаңа технологияларды қолдануға, нормативтік техникалық шығындарды төмендетуге байланысты үнемдеу нәтижесінде туындаған, сондай-ақ тендер нәтижелері бойынша тарифке есептелген шығындардың пайдаланылмаған бөлігіне ие болу мүмкіндігін ұсыну маңызды болып табылады. Мамандардың айтуынша, сонау өтпелі кезеңде, яғни 1998 жылы қабылданған заң бүгінгі күннің талаптарына жауап бере алмайды. Сондықтан осы жылдан бастап жаңа заң аясында жұмыс жасалатын болады.