Астанада алғаш рет конькимен жүгіруден Әлем чемпионаты өтеді
Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет Астана конькимен жүгіру спортынан Әлем чемпионатын қабылдайды. Жарыс 28 ақпан мен 1 наурыз аралығында «Алау» мұз сарайында өтеді.
Спортшылар спринтерлік көпсайыста (жеңімпаз төрт қашықтықтың нәтижесі (500м х2 + 1000мх2) бойынша анықталады) сынға түседі.
Жарысқа қатысушылардың арасында Олимпиада және Әлем чемпиондары бар: Шани Дэвис, Мишель Мюлдер, Кун Вервей, Сан-Хва Ли. Сонымен қатар, Павел Кулижников, Ольга Фаткулина және басқалар сияқты жас таланттар бақ сынайды.
Қазақстан атынан жарысқа үш конькиші шығады: Денис Кузин, Роман Креч пен Екатерина Айдова
Еске сала кетейік, Денис Кузин бір жыл бұрын Наганода (Жапония) өткен Әлем чемпионатындағы 1000 метр қашықтықта алтын және күміс медаль иеленген. Көпсайыс қорытындысы бойынша Денис төртінші орынға табан тіреген еді.
Ал, жарыс өтетін «Алау» мұз сарайы жылдамдық бойынша әлемдік рейтингте 7-ші орында тұр.
Көрермендер үшін жарысқа кіру тегін, деп хабарлайды «Алау» мұз айдынының баспасөз қызметі.