16 тастан тұратын ақ пен қараның айқасы жұмбақ әлем. Ақылдылардың ойыны ретінде баланатын шахматтың өзіндік құпиясы бар. Осыдан 1500 жыл бұрын пайда болған ойын біздің елде егемендік алған сәттен бастап дами түсті. Әуелі көпшіліктің күнделікті ойыны болса, қазір жанданып, спортшыларымызды жаҺанда жеңімпаз қатарынан көріп жүрміз. Соның бірі – Назерке Нұрғали.
– Назерке, Алматы қаласында өткен Қазақстан чемпионаты мен кубогында табысты өнер көрсетуіңмен құттықтаймын!
– Шахматпен айналысып жүргеніңе 10 жылдан аса уақыт болыпты. Жалпы осы шахматтағы жолыңа қандай баға бересің?
– Кеше ғана шахматтың алғашқы әліппесін үйреніп жүрген сияқты едім. Көзді ашып жұмғанша 10 жыл өте шығыпты. 10 жыл ішінде талай қызықты сәттерді бастан өткердім. Жеңіс те, жеңіліс те болды. Өмір заңдылығы болған соң барлығы жақсы бола бермейді. Неге осылай істемедім деп өкінген кезім де болды. Бірақ осы уақыт аралығында ҚР спорт шебері, ФИДЕ шебері, жасөспірімдер мен жастар арасында 14 дүркін, ересектер арасында 2 дүркін Қазақстан чемпионы, 2 дүркін Əлем, 5 дүркін Азия чемпионы болдым. Мұның барлығы бапкерлеріммен бірге жасаған еңбекпен келді. Өзіме баға беруден аулақпын. Әлі де жетілдіретін тұстарым бар.
– Шахматшылардың арасында екі бапкерден тәлім алатындар аз. Соның бірі өзіңсің. Бапкерлеріңе тоқталайықшы…
– Расында спортта екі бапкермен жұмыс істейтін спортшылар некен саяқ. Өте мықты бапкерлерден тәлім алғаныма қуанамын. Алғашқы бапкерім Риза Қошқарова болды. Риза Төлтайқызының мені жетілдіруде ерен еңбегі көп. Ойын баласын үлкен деңгейге көтерді. Ал 2013 жылдан бастап қазіргі жаттықтырушым Василий Шимелковтың қол астына өттім. Василий Владимировичпен бірге небір сынақтарды бастан өткердік. 2016 жылы нәтижелерім бірден төмендеп кетті. Қай жарысқа барсам да жүлдеден қол үзіп қалып жүрдім. Мұндай сәтте спортшыға психологиялық тұрғыда көмек көрсетілмесе құрдымға кетуі мүмкін. Сол сәтте Василий бапкердің көмегі көп болды. Жаттығудан бөлек психологиялық дәрісті қабылдадық. Содан кейін нәтижелерім қайта шарықтап, үздіктер қатарынан көріндім. Қос бапкерім де тәжірибелі мамандар.
– Тарихта Каспаров пен Карповтың текетіресі сан мыңдаған сағаттармен есте қалды. Мансабыңдағы ең ұзақ ойынды еске түсірейікші…
– Ең ұзақ ойын Румынияның Яссы қаласында өткен оқушылар арасындағы Әлем чемпионатында болды. Әзірбайжандық Рзали Сабинамен өткен кездесу 5 жарым сағатқа созылды.
– Шахматшылардың мансабы өзге спорт түріне қарағанда өзгешелеу. Сиқырлы спорттың оң және теріс бағыттарын айта өтсең…
– Бірінші кезекте шахмат – адамды сабырға шақырады. Сонымен қатар шахматшының логикасы өте жаксы дамиды. Барлығын ойланып барып, шешім қабылдайды. Бір нәрсені бастар сәтте алдымен мидың сүзгісінен өткізіп алады (күліп). Еңбекқор, шыдамды болады. Себебі бізде 1 ойын 6-7 сағатка дейін созылуы мүмкін. Сондай ойындарда шаршап қалмас үшін физикалық күш қажет етеді. Айтқым келгені біз жүгірумен және жүзумен де айналысамыз. Бір минусы апталап, айлап жарыс жолында жүретініміз. Отбасыдан жырақ кетеміз. 2 сыныпта шахматқа келген сәттен бастап толыққанды сабаққа қатысып көрмеппін (күліп).
– Шахматтың болашағын қалай елестетуге болады?
– Қоғамдағы тренд Netflix порталында «Ход Королева» сериалы көрсетіле бастағаннан шахматқа ден қоюшылар қатары көбейді. Біздің облыста да шұғылданушылар саны көп деп айта аламын. Осыдан-ақ болашағы жарқын деуімізге болады. Олимпиаданың бағдарламасына енетін спорттың бір түріне жатқызамын.
– Назерке үшін ең мықты үш шахматшы?
– Бірінші сатыға – қазіргі әлем чемпионы Магнус Карлсенды қоямын, екінші орынға – Гарри Каспаров, үшінші – әлем чемпионы Юдит Полгар. Соңғысы нәзік жанды болса да ерлермен катар ойнайды.
– Әлеуметтік желіге қаншалықты қызығасың?
– Қызығушылық жоқ. Күнделікті 6-8 сағаттан тұратын жаттығудан кейін әлеуметтік желіні қарап отыратын уақыт та болмайды екен. Жақындарыммен әңгімелесуге Whatsapp-ты қолданам, instagram-да парақшам болғанмен кіре бермеймін. Уақытты әлеуметтік желіге жұмсағанша, тиімді нәрсеге арнағанды құп көремін.