Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

Олимпиадаға қатысқан қызылордалық дзюдошылар елге оралды

Бүгін қызылордалықтар «Қорқыт Ата» әуежайынан ХХХІІІ Жазғы Олимпиада ойындарында дзюдодан ел намысын қорғаған жерлестеріміз Абылайхан Жұбаназар мен Шархан Нұрлыханды күтіп алды.


Кездесуде облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Жігер Айекешов Сыр елі мақтаныштарына айналған спортшыларға мойымай, алдағы бәсекелерге тыңғылықты дайындалу қажет екенін айтты. Сондай-ақ, Сыр халқы Абылайхан мен Шарханның әлі талай дүбірлі додаларда топ жаратынына сенімді екенін жеткізді. 
Абылайхан Жұбаназар 2000 жылдың 15 ақпанында Қызылорда облысы Қазалы қаласында дүниеге келген. Спорт жолындағы алғашқы қадамын 2013 жылы қазақ күресінен бастаған. Қазір дзюдо күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алған.
«Отбасым жайлы айтатын болсам, әкем Сейілбек Тәшімов пен анам Жанат Мұсаева - қарапайым еңбек адамдары. Әкем жеке мекемеде жүргізуші болса, анам ауруханада еңбек етеді. Әкем менің спортпен айналысқанымды қалады. Төртінші сынып оқып жүргенде күрес залына алып келді. Содан бері дзюдоның қыр-сырына қанығып келемін. Одан кейінгі жылдарда Қызылорда қаласындағы Жалаңтөс баһадүр атындағы облыстық спортта дарынды спорт мектебінде тәлім алдым. Бапкерім - Қален Қалиұлы», - деді Абылайхан.
Абылайхан 2022 жылғы Азия ойындарында қолаға қол созса, былтыр өткен «Grand Slam» турнирлерінде күміс және қола медаль иегері атанды. Сондай-ақ, биыл «Қазақстан барысы турнирінде үздік үштіктен көрінді. 2022 жылы. Қорқыт Ата университетинде дене шынықтыру мамандығы бойынша бітіріп шықты.
Нұрлыхан Шархан 2000 жылы 18 сәуірде Қызылорда қаласында дүниеге келген. Ол – дзюдо күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
2023 жылы Ханчжоу қаласында Азия ойындарының қола жүлдесін алды. Сондай-ақ сол жылы Азия ойындарында және Париждегі «Grand Slam» турнирінде үздік үштікте болды. 2022 жылы Азия чемпионатында қола медаль алды. Еліміздің бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері болған.
«Дзюдо – әлемдегі танымал спорт түрінің бірі саналады. Мен оның әліппесін үйренген сәттен бастап жеңіске жету жолында тер төгіп келемін. Бар білгенімді осы Париж Олимпиадасында көрсеткім келеі. Сондықтан алдағы уақытта төрткүл дүние жүзі халқы көз тіккен байрақты бәсекеде аянып қалмаймыз», - деді Нұрлыхан Шархан. 
Айта кету керек, Францияның Париж қаласындағы Жазғы Олимпиада ойындарына Қызылорда қаласынан дзюдо, бокс және грек-рим күресінен 4 спортшы жолдама алған болатын.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: