Шиеліде қазақ күресінен Қазақстан чемпионаты басталады
Үстіміздегі жылдың 13-15 ақпан аралығында Қызылорда облысы, Шиелі ауданында қазақ күресінен 1996-1997 жылдары туылған жастар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты басталады.
15 салмақ дәрежесі бойынша өтетін жарысқа еліміздің барлық аймағынан 400-ге жуық боз кілем шеберлері қатысады. Олардың қатарында жасөспірімдер арасында Әлем чемпионы алматылық Қасымхан Төленбай, жасөспірімдер арасында Әлем чемпионатының күміс жүлдегері оңтүстікқазақстандық Дәулет Ниетбай, жасөспірімдер арасында Әлем чемпионатының қола жүлдегері қызылордалық Райымбек Рантаев, Еуразиялық спорт ойындарының жеңімпаздары, Қазақстан чемпиондары қарағандылық Ақжігіт Оралов, қызылордалықтар Рахманберді Әбдірашит пен Аязбек Шүкіровтер бар.
Жарыс ұлдар арасында 8 салмақта (55, 60, 66, 74, 82, 90, 100, +100 келі), қыздар арасында 7 салмақта (48, 52, 57, 63, 70, 78, +78 келі) өткізіледі. Дүбірлі бәсекеде 1,2 орынды иеленген спортшыларға ҚР спорт шебері атағы беріледі.
Жеңімпаз және жүлдегер спортшылар ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің диплом, кубок, медальдарымен марапатталады.
Аталмыш жарыс 13 ақпан күні сағат 10.00-де басталады, салтанатты ашылуы сағат 12.00-де.