13 сәуір күні Қызылорда қаласында «Senat Open» ІІ Ашық кубогының кезекті іріктеу кезеңі өтті. Жарыс облыстық Жастар ресурстық орталығында өтті. Турнирге облыстың барлық жеті ауданы мен Қызылорда қаласының өзінен 104 шахматшы қатысты. 10+5 уақыт бақылау нұсқасымен швейцариялық жүйе бойынша 9 тур өткеннен кейін қазылар алқасы 35 үздік ойыншыны анықтады. Бұл шахматшылар 12 шілдеде Түркістан қаласында өтетін «Оңтүстік» жартылай финалында бақ сынасады.
![]()
Жарыстың ашылу рәсімінде Қызылорда облыстық мәслихаты аппаратының басшысы Жандос Досжан, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаментінің басшысы Ерлеген Меңдалиев және Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті, «Senat Open» кубогының өткізілуіне жауапты тұлға Александр Бабенко қатысты.
Тимур Касымов, Эдуард Пак және Барат Жетпісбаев турнир фавориттері деп қарастырылды. Үшеуі де облыс орталығының намысын қорғады. Бесінші турда Жетпісбаев Қасымовты жеңгенімен, кейін Пакқа есе жіберді. Одан кейін тағы екі рет жеңіліске ұшырап, жүлделі орындарға таласу мүмкіндігінен айырылды. Ақтық партияда Қасымов Пакпен тең түсіп, ұпай саны бойынша оны қуып жете алмады. Нәтижесінде 8½ ұпай жинаған Эдуард Пак турнир жеңімпазы атанды. Екінші орын 7½ ұпай жинағанТимур Қасымовқа бұйырды. Юрий Егай 7 ұпай жинап, Бухгольц коэффициенті бойынша қарсыластарын басып озып, үшінші орынға ие болды.
Командалық есепте Қызылорда қаласының шахматшылары топ жарды. Шиелі ауданы — екінші, Арал ауданы үшінші орынға ие болды.
Ұйымдастырушылар жеті арнайы санат бойынша үздік қатысушыларды диплом және медальдармен марапаттады:
* ардагерлер арасында – Барат Жетпісбаев (Қызылорда қаласы, 13-ші орын),
* әйелдер арасында – Мырзагүл Рсалиева (Арал ауданы, 25-ші орын),
* мәслихат депутаттары мен қызметкерлері арасында – Марат Бақуов (Сырдария ауданы, 45-ші орын),
* әкімдік өкілдері арасында – Ержан Бейімбетов (Сырдария ауданы, 5-ші орын),
* мемлекеттік қызметшілер арасында – Бижан Қалдыбеков (Қызылорда қаласы, 6-шы орын),
* қоғамдық кеңес мүшелері арасында –Даниярбек Жалғасбекұлы (Шиелі ауданы, 18-ші орын),
* құқық қорғау органдары қызметкерлерінің арасында – Нұржан Мұсахан (Қызылорда қаласы, 4-ші орын).
«Senat Open» кубогы екінші жыл қатарынан өткізіліп келеді. Алғашқы маусымы 2024 жылы басталып, елімізде кең қолдауға ие болды. 2025 жылы турнир өз форматын сақтап қалды: 20 іріктеу кезеңі, аймақтар бойынша 5 жартылай финал және Астанада финал өтеді. Бірінші тур 21 ақпанда Түркістан қаласында өтті. Кейінгі жарыстар Шымкент, Астана, Павлодар, Қарағанды қалалары, Бесағаш ауылы, Тараз және Қызылорда қалаларында ұйымдастырылды. 18 мамырға дейін тағы бірнеше іріктеу турнирі өтеді. 15 маусым мен 9 тамыз аралығында қатысушылар аймақтық жартылай финалда бақ сынамақ. Финал 29 тамызда Астанада өтеді.
Турнирге 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша классика, рапид және блиц бойынша Эло рейтингі 2000-нан төмен шахматшылар қатыса алады. Жыл басынан бері турнирлерге 900-ден астам шахмат әуесқойы қатысты. Кубок ауқымы кеңейіп, Қазақстанның түкпір-түкпірінен қатысушыларды біріктіріп келеді.