Теннистен Дэвис кубогының 1/8 финалында Қазақстан құрамасы, Италия теннисшілерін 3:2 есебімен жеңді, деп хабарлайды Аламан.
Бүгін кортқа Михаил Кукушкин мен Александр Недовесов шыққан болатын. Кукушкин қарсыласы Андре Сеппиді үш сетте қиналмай ұтты. Осылайша жалпы есепті 2:2 -ге жеткізген. Шешуші кездесуде Александр Недовесов пен италияндықтардың бірінші ракеткасы Фабио Фоньини жолығып, аса тартысты өткен кездесуде қазақстандық теннисші қарсыласынан басым түсті.
Бірінші партияда Недовесов 7:6 есебімен тай-брейкте жеңіске жетсе, одан кейінгі екі сетте (3:6, 4:6) итальяндық теннисшіге жол берді. Төртінші партияда қазақстандық теннисші 6:3 есебімен басым түсті. Бесінші, шешуші партияда Александр бірден ойын тізгінін қолына алып, есепті 4:1-ге жеткізді. Алайда содан кейін екі брейк пен қос геймді сәтті пайдаланған Ф.Фоньини 5:4 есебімен алға шықты. Бірақ бұдан кейін А.Недовесов қайратына мініп, 7:5 есебімен жеңіске жетті. Ойын 3 сағат 45 минутқа созылды.
Қорытындысында Қазақстан құрамасы Италияны 3:2 есебімен жеңіп, ширек финалға жолдама алды. Енді Қазақстан теннисшілері 17-19 шілде күні Австралия теннисшілерімен жолығады. Кездесу сырт алаңда өтеді.