Бір рет есеп ашып алса, ойындары жүріп кететіндей көрінеді де тұрады. Әйтпесе, аяқ алыстары жаман емес. Қорғаныста сақ, шабуылда шапшаң. Дегенмен, сәл сәттіліктің жетпей жатқаны байқалады. «Ертіске» қарсы өткен кездесуде де жерлестеріміз ойын тізгінін толықтай өз қолдарында ұстағанымен қонақтар қақпасының құлпын бұза алмады.
«Қайсар» (Қызылорда) – «Ертіс» (Павлодар) 0:0
Өткен турлармен салыстырғанда алаң иелерінің бас бапкері Дмитрий Огай құрамға бірнеше өзгеріс енгізді. Мәселен, Алексей Мулдаровтың орнына бірінші минуттан Алдан Балтаев шықса, орталық шепте Қайрат Нұрдәулетовтің орнында Пламен Димов ойқастады. Сол сияқты, шабуылда Елжас Алтынбековке үміт артылды. Ал, қонақтар сапында иығынан жарақат алып қалған қақпашы Давид Лорияның орнына алаңға Никита Калмыков шықты.
Матч басталғаннан-ақ қонақтар қақпасын піспектегенімен жерлестеріміз Калмыков қақпасынан саңылау таба алмады. Бірде Елжас Алтынбеков ойыннан тыс қалып қойса, бірде Сергей Струков үшін қапталдағы төреші жалаушасын көтеріп жатты. Осылайша қорғаушылардан өте алғанымен төрешінің офсайдтарынан тосылып қалып жатқан шабуылшыларымыздан амал кетіп, Калмыков қақпасын алыстан көздей бастады. Бірақ бұл жолы да жолымыз болмады. Дегенмен, Елжас Алтынбековтің ерлігін айта кету керек шығар. Әккі қарсыластарынан еш қымсынбай, Кислицын мен Чернышевтің жиі қитығына тиді.
Екінші тайм да дәл осындай сценариймен өрбіді. Қызылордалықтар қанша жерден шабуылдағандарымен Самат Смақов бастаған қонақтар қорғанысты сауатты құрып, қақпа маңайына көп жақындатқан жоқ. Ал Сергей Струков сытылып шыққан сәтте әлгі Чернышев шалып жығып, алаңнан қуылды. Алайда алаң иелеріне қарсы «Ертіс» футболшылары кем құрамда да қарсы тұрып, тең есепті сақтап қалды. Қорытынды есеп – 0:0. «Қайсар» енді өзінің келесі ойынын 21 наурыз күні Теміртауда Қарағандының «Шахтеріне» қарсы өткізеді.