Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов Ресейдің "Спорт экспресс" басылымына берген сұхбатында "бізде келісілген ойындар бар" екендігін жария етті, деп жазады "Алаш айнасы".
Кеше түнде Ресейдің "Спорт экспресс" басылымында Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапановтың кезекті сұхбаты жарық көрді. Тақырыбы – Казахстан не будет возвращаться в Азию, борется с коррупцией и хочет принять ЧМ-2026.
Бұл мақалада отандық федерация басшысы "жасырып қайтеміз, бізде келісілген ойындар бар" депті... Федерация басшысының өзге елде осылай ақтарылуына таң қалдық.
Келісілген ойындар болса, неге оларды әшкере қылып, айыптыларды жазаға тартпаймыз?! Неге келісілген ойындардан арылмаймыз?! Нақты қай ойын, келісіп жүрген кімдер?!
Иә, бұл – біздің елішілік додамыз тұрмақ, бұл Еуропа және әлем футболында да аракідік шеті қылтиып, шығып қалатын кесел. Бірақ ондай ойындарды анықтау, келіскендерді табу қиямет-қайым емес пе еді?
Ал Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов "бізде келісілген ойындар бар" деп отыр. Бәлкім, федерация президенті елге оралған соң нақты шешімдер қабылдап, қандай да бір жаза қолдана бастайтын шығар.
Сондай-ақ, федерация басшысы Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншыларына осы мәселеге қатысты ескерту жасағанын да мәлімдеген. Біз федерация басшысының "Спорт экспресс" басылымында баяндалған сөздерін аудармай, сол күйінде жариялағанды жөн көрдік:
– Я встречался в Анталии с нашими игроками сборной и сказал: "Далек от мысли, что кто-то из вас является инициатором договорного матча – как правило, это происходит на другом уровне. Но предостерегаю и предупреждаю, чтобы, когда начнутся коррупционные скандалы, вы туда не попали". Наверное, по отношению к себе они такое слышали впервые. Однако они все поняли, и я видел в их глазах боль и одобрение.
Ал мұны қалай түсінуге болады? Жай ғана ескерту ме? Ұлттық құрама ойыншыларының келісілген ойындарға қандай қатысы бар? Неге олардың көздерінен күйзеліс пен мақұлдауды көреді?..
Айтпақшы, түнде осы сұхбатты оқығанда, " Қазақстан футбол федерациясының бюджеті 15 миллион евроны жуықтайды. Шамамен жартысы – өз қаражатымыз, жартысы – УЕФА төлемдері" деп жазылып тұрған еді. Ал таңертең бұл дерек "10 миллион евро" болып тұр. Сонда Ресейдің беделді басылымы қателескен бе?