"Қайсар" жастарының өз алаңындағы алғашқы жеңілісі
Қосалқы құрамдар арасындағы ел чемпионатының 7-туры аясында «Тараздың» дубльдік командасын қабылдаған «Қайсар» жастары биыолғы маусымда бірінші рет өз алаңында жеңіліп қалды.
«Қайсар-д» – «Тараз-д» 0:1
Гол: Кәрімолла, 51
Қанат Шерімбетов шәкірттері ойынды өте қарқынды бастады. Үшінші минутта-ақ есепте алға шығатын мүмкіндік болған. Алайда, шабуылшымыз Дамир Оразбек қақпашымен жеке-дара шығып, допты «тараздық» кипердің қолына ұстата салды. Одан кейін де Думан Нәрзілдаев бастаған жігіттер қонақтар қақпасын торуылдап, гол соғудың сәттерін қарастырды. Бірақ бірде шабуылшыларымыздың жолдары болмаса, бірде қақпашы өзін тамаша қырынан танытып, қақпасына доп жіберген жоқ.
Ал екінші таймда «тараздық» жастар тізгінді түбегейлі қолдарына алып, «Қайсар» кипері Рамил Нұрмұхаметовтың қақпасына жорыққа шыға бастады. Сондай сәттердің бірінде сол қапталдан әуелете пас асырылып, допқа баспен бірінші жеткен Қанат Кәрімолла қонақтарды алға шығарып кетті. Одан кейін жерлестеріміз есепті теңестіруге қанша тырысқанымен таблодағы көрсеткіш өзгерген жоқ. Қорытынды есеп - 0:1.