Қарағанды қаласында үстіміздегі жылғы 19-22 мамыр аралығында ҚР 4-ші жазғы спартакиадасы аясында каратэ-додан жарыс аяқталды.
Төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын спартакиада бағдарламасы бойынша 38 спорт түрлерінен жарыстар еліміздің әр облыстарында өтуде.
Облыс спортшылары аталмыш жарыстан 1 алтын, 2 күміс, 3 қола медальмен оралды. Қыздар арасында командалық катада спортшыларымыз жеңімпаз атанды. Команданың көш бастауына Эльвира Ли, Жұлдыз Жұлпанова және Диана Онищенко өз үлестерін қосты. Ерлер арасында шеберлік байқасқан Самат Орынбаев, Айбек Жақсылықов және Руслан Бисембаев сынды спортшыларымыз командалық катада күміс жүлдені иеленді.
50 келі салмақта сынға түскен Мөлдір Жаңбырбай екінші орынды еншілесе, ката бағдарламасы бойынша Эльвира Ли мен Самат Орынбаев және 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Нұржан Ақпанбет қола жүлдеге қол жеткізді. Спортшылар маусым айында Бішкекте болатын халықаралық турнирге дайындалады.