Ағымдағы жылдың 5-9 қазан аралығында Ақмола облысы Шучинск қаласында ішкі істер департаменті қызметкерлері арасында қоян-қолтық күрестен республика біріншілігі өтті.
Қызметкерлердің спорттық даярлығын көтеру, дене шынықтыру дайындығын жоғары деңгейде ұстауын қамтамасыз ету, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында Жарысқа 16 команда, 200-ге жуық спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады. Қызылорда облысы ішкі істер департаментінің атынан Жол-патрульді полиция батальонінің қызмет инспекторы полиция лейтенанты Ержан Абдуллаев қатысып, ІІ орынды қанжығасына байлап, жеңіс тұғырынан көрінді. 85 келі салмақ дәрежесінде күш сынасқан Ержан 4 кездесуде де үздік деп танылып, азулы қарсыластарын қапы қалдырды. Финалда Ақмола ОІІД атынан қатысқан спортшымен белдесіп, өңір намысын абыроймен ақтады. Жарыс соңында тәртіп сақшылары дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Айта кетерлік жайт, қызылордалық полицейлер азаматтардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғау жолындағы қызметтік міндеттерін орындай жүріп, спорттан қол үзіп қалған жоқ. Түрлі жетістіктерге жетіп, жеңіс тұғырынан көрініп келеді.