Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

Шымкентте FIFA Live Your Goals фестивалі өтті

Шымкентте FIFA Live Your Goals фестивалі өттіШымкент қаласындағы «БИІК» базасының алаңында Live Your Goals деп аталған ФИФА-ның футбол фестивалі өтті6 деп хабарлайды Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметі. Шараға 6-12 жас аралығындағы қалалық орта мектептердің 400-ден астам оқушы қыздары қатысты. Қазақстан әйелдер құрамасы мен «БИІК-Қазығұрт» футбол клубының ойыншылары нұсқаушы қызметін атқарды.
Фестивальдің ашылу салтанатына Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті Сейілда Байшақов, Қазақстан футбол федерацисының Атқаршы комитетінің мүшесі Бауыржан Әбдубайытов қатысты. Олар бұл шараның әйелдер футболын дамыту мен салауатты өмір салтын қалыптастыруға маңызы зор екенін атап өтті.
«Қазақстан тарихында алғаш рет ФИФА аясында осындай шараны ұйымдастыру сеніп тапсырылды, - дейді әйелдер футболының жетекшісі Әнуар Биданов. - Төрт жылдың ішінде еліміздің барлық аумағын қамтуды көздеп отырмыз. Фестивальдің қорытындысы бойынша маңызды сұрақтарды түртіп алдық. Ең бастысы қыздар үлкен футболға алғашқы қадамын жасады».
Айта кету керек, ФИФА аясында өтетін бұл турнир 2011 жылдан бастап әлемнің түкпір-түкпірінде ұйымдастырылып келеді.
«Бүгін әйелдер футболының үлкен мерекесі, - деп фестивальден алған әсерімен Қазақстан әйелдер құрамасы мен «БИІК-Қазығұрт» футбол клубының ойыншысы Ұлболсын Жолшиева бөлісті. - Бұл фестиваль Қазақстанда әйелдер футболын дамыту мен танымал етуге жасалған үлкен қадам екені айқын».
Фестивальдің басты қорытындысы - қатысушылар мен нұсқаушылардың бір-бірімен тілдесіп, қуанышты көңіл-күйге ие болуы.  
«Шарадан алған әсеріміз керемет. Балалардың көздері жалт-жұлт жайнағанын байқадық, - дейді Қазақстан әйелдер құрамасы мен «БИІК-Қазығұрт» футбол клубының ойыншысы Фатима Идиатулина. - Соңғы уақытта елімізде әйелдер футболы дамып келе жатқаны қуантады. Мұндай шара спорттың бұл түріне қызығушылықты арттыра түседі. Бүгін фестивальге қатысқан қыздар білімдерін жетілдіріп, әрі қарай еліміздің намысын қорғайды деп үміттенеміз».
Live Your Goals фестивалін күзде Ақтөбе қаласында өткізу жоспарланып отыр. 
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: