Еуропа Лигасының екінші іріктеу кезеңінде ойнап жатқан қазақстандық «Қайрат» клубымен армениялық «Алашкерт» арасындағы қарымта кездесуді португалиялық төрешілер басқарады. Бұл жөнінде Қазақстан телеарнасы хабарлайды.
Ертең, 23 шілдеде Армения астанасы – Ереван қаласында өтетін кездесуге португалиялық Жоау Капелом төрелік етеді. Оған екі қапталдан отандастары Нуну Перейра мен Руй Мигель Мартинс Ресенде Тейшейра көмектеседі. Төртінші төреші – Тьягу Мартинш. Матч Ереван қаласындағы «Вазгена Саргсяна» стадионында Астана уақытымен сағат 21:00-де басталады. Еске сала кетейік, алғашқы ойында «Кайрат» клубы өз алаңында «Алашкерт» командасын 3:0 есебімен ұтқан. Кездесуді «KAZsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.