Соңғы рет Қызылорданың «Қайсары» 29 мамыр күні жеңіске жеткен екен. Премьер-лиганың 14-туры аясында Сыр командасы Қарағандының «Шахтерін» 2:0 есебімен тізе бүктірген. Содан «Қайсар» барлығы он екі ойын өткізіп, соның төртеуінде ғана тең түсті, қалғанның барлығында жеңіліп қалды. Міне, араға төрт ай салып, қызылордалықтар көптен күткен жеңіске қол жеткізді.
«Қайсар» (Қызылорда) – «Жетісу» (Талдықорған) 3:1
Голдар: Кляйн, 10. Молдақараев, 58. Калинин, 70 – Тұрысбек, 90.
Ескертулер: Молдақараев, 78 – Сағындықов, 43. Герасимов, 78.
«Қайсар»: Прядкин, Ирисметов, Кейлер, Кляйн, Балтаев, Алтаев (Струков, 67), Митошевич, Калинин, Матвеенко, Розыбакиев (Вороговский, 61), Молдақараев (Нәрзілдаев, 79).
Қосалқы құрам: Нұрмұхаметов, Алтынбеков, Кнежевич, Хунт.
«Жетісу»: Шабанов, Әмірсейітов, Сағындықов, Герасимов, Горячий, Сейдахметов (Әділханов, 46), Самигуллин (Петролай, 70), Давлатов (Азовский, 66), Савич, Тұрысбек, Галиакберов.
Қосалқы құрам: Пасеченко, Мыңбаев, Барзукаев, Гулиев.
Төрешілер: Карлибаев, Дерцапф (екеуі де – Орал), Лабашов (Атырау).
Қызылорда қаласы, Ғ.Мұратбаев стадионы, 3000 көрермен.
Алаң иелерінің бас бапкері Федор Щербаченко ешкім күтпеген шешім қабылдап, ойынға өзгеше өзгеріс енгізді. Бірінші минуттан бастап аалаңға Олжас Алтаев шықты. Әдетте негізгі құрамды былай қойғанда хаттамаға да енбей қалатын 23-нөмірлі қорғаушы орталық жартылай қорғаушының орнына жайғасты. Сондай-ақ, өткір шабуылда Жасұлан Молдақараев ойқастады. Бұлардан бөлек, Илья Калининге де негізгі саптан орын табылды. Иә, мұндай құрамды «Қайсар» сапынан күнде көре бермейсіз.
Ойын алаң иелерінің жылдам шабуылымен басталды. Әдегеннен-ақ шабуылға лап қойған қызылордалықтар оныншы минутта-ақ есеп ашты. Бұдан кейін де жерлестеріміздің есепті еселейтін мүмкіндіктері болған. Бірақ екінші таймда ғана «Жетісу» қақпасына екінші голды соға алды. Әріптесінен әдемі пас алып, қақпаны дәл көздеген Жасұлан Молдақараев болатын. Араға он минут салып Илья Калинин есепті 3:0-ге жеткізді. Алайда негізгі уақыттың соңғы минутында қонақтар сапында ең белсенді болған Бауыржан Тұрысбек «Қайсар» қақпасына бір гол соға алды. Иә, осылайша «Қайсар» биыл бірінші рет қарсылас қақпасына үш гол соғып отыр. Соңғы рет жерлестеріміз үш голды өткен жылдың 13 шілдесі күні түзде «Атырау» қақпасына соққан екенбіз.
Қорытынды есеп – 3:1, қызылордалықтар енді келесі кездесуін 3 қазан күні өз алаңында Көкшетаудың «Оқжетпесіне» қарсы өткізеді.