Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

Жетісу - Қайсар. Жеңілдік дегің келмейді

Жетісу - Қайсар. Жеңілдік дегің келмейдіТалдықорғанда «Жетісумен» ойнаған Қызылорданың «Қайсары» 1:0 есебімен ұтып жатып, соңғы минутта жеңісті қолдан беріп қойды. Осылайша биылғы маусымды тым сәтсіз өткізген «қасқырлар» көрінген командадан таланып, чемпионатты соңғы орынмен аяқтап отыр.
«Жетісу» — «Қайсар» 2:1 (0:1)
Голдар: Балтаев 13 (0:1), Гулиев 79, Савич 90+5 (2:1)
Ескертулер: Сағындыков 21, Турысбек 64 — Розыбакиев 32, Матвеенко 52, Ирисметов 63
Қызыл қағаз: Эргашев 90+4 — Ирисметов 90+4
«Жетісу»: Шабанов, Горячий, Сағындыков (к), Эргашев, Әділханов (Мыңбаев 82), Савич, Петролай, Шахметов (Сариев 78), Давлатов, Тұрысбек, Галиакберов (Гулиев 69)
Резерв: Пасеченко, Барзукаев, Герасимов, Азовский
«Қайсар»: Прядкин, Ирисметов, Кляйн (к), Балтаев, Кейлер, Матвеенко (Хунт 77), Митошевич, Розыбакиев (Вороговский 68), Алтаев (Шестаков 58), Молдақараев, Калинин
Резерв: Нурмухаметов, Алтынбеков, Нәрзілдаев, Оңғарбаев
Төрешілер: Рахымбаев (Алматы), Будниченко (Екібастұз), Васютин (Алматы)
Қосымша көмекшілер: Чесноков (Өскемен), Абдуллаев (Қаратау)
31 қазан. Талдықорған. «Жетісу» стадионы. 2 000 көрермен.
Премьер-лигада қаламыз деген үмітіміз соңына дейін сөнген жоқ. Шынын айтсақ, әлі де содан дәмеліміз. Бірақ бұл жолы футболшыларға емес, бапкерлер алқасына емес, жалпы командаға емес, бір тылсым күшке үміттенеміз. Әйтеуір, бір орын бұйырып, пойыздың соңғы вагонына мініп кететін сияқтымыз. Солай болса ғой, шіркін. Премьер-лигадан кеткіміз келмейді. Өйткені, «Қайсардың» Премьер-лигада ойнағанының арқасында Қызылордада дәл қазір футбол ойынын қарыштап тұр. Ал ұшып кетсек, соның барлығы не болатынын ойлаудың өзі қорқынышты... «Қайсарға» бағынышты «Байқоңыр» бар, жәудіреп отырған дубль бар, ары қарай даму-дамымауы бас командаға байланысты болып отырған футбол орталығы бар. Осылардың барлығының ендігі тағдыры «Қайсардың» халіне бағынышты еді. Бәрі жайында қала ма деп қорқасың. Басталған игі бастаманың баянсыз қалуынан бәріне де зардап әкелетіні бесенеден белгілі. Бірінші лигаға түсіп қалар болса, онда қосалқы құрамның болмайтыны бірден анық. «Байқоңыр» да болмауы мүмкін ғой. Ережеге сәйкес бір лигада бір құрылымның екі командасының ойнауға болмайтынын айтпағанның өзінде Бірінші лигада екі командасының болуы кімге керек? Алдымен біреуін қарық қылуды ойламай ма? Енді дамып, қанатын жайып келе жатқан футбол орталығының да зардап шегетінін осы жағдайды бастан кешкен Өскемен, Семей, Орал сияқты басқа аймақтардың жайына қарап-ақ айтуға болады. Ашынғаннан, солардың ендігі тағдырын ойлағаннан осылай жазып отырмыз. Жанайқаймызды Жаратқан естіп, Премьер-лигада қалуымызды жарылқай ма деген үміт қой. Әлі де соған сенеміз. Биылғы командадан қайран болмады дегенімізбен үмітіміз соңына дейін сөнбек емес.
Ал ойын жайлы не айтуға болады. Иә, алаң иелерінің қарқынды шабуылымен басталса да, 13-минутта Алдан Балтаев соққан гол қонақтарды есепте алға шығарған. Бұдан кейін де тәп-тәуір ойнадық. Ойын тізгінін біржола «Жетісуға» беріп қойдық та, екінші нөмірмен ойқастадық. Қарымта шабуылдарымыз жаман болып жатқан жоқ еді. Осылайша ойын да соңына тақап қалған. Кенет әдетте мұндай доптарды бұйым құрлы көрмей қайтаратын қақпашымыз Кирилл Прядкин болмашы жерден қателесіп, алдына келген допты қаршып ұстап алудың орнына әлсіз ғана қайтарып жібереді де, аңдып тұрған алаң иелерінің шабуылшысы Эльбир Гулиев қақпаға тоғыта салады. Мұндай қателікті Прядкин «Шахтермен» болған ойында да жіберген. Ол кезде Пламен Димов кешірмеп еді. Қақпашымыз сол қателігінен сабақ алмапты. Ал одан кейін жүйке жұқара бастады. Біздің ғана емес, «Жетісу» ойыншыларының да. Болмашы жерден төбелес іздеген Давронжон Эргашевті және оны тыныштандырмақ болған Фархадбек Ирисметовті бас төреші алаңнан аластатты. Бұл кездесудің 94-минуты болатын. Арбитрдің қосқан уақыты төрт минут. Бірақ жаңа төбелестен кейін тағы да екі минут қосуға тура келді. Ал ысқырықтың естілуіне санаулы секундтар қалғанда Саят Сариевтің пасынан кейін былтыр бізде ойнап, кейін керек болмай қалған Душан Савич «Қайсар» қақпасын тағы бір көздеп, қызылордалық команданы Бірінші лигадан бір-ақ шығарды.
Енді соңғы турда «Таразға» қонаққа барамыз. Абырой үшін ойнау керек.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: