Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

«СЫР МАРЖАНЫ» СЕРІКТЕСТІГІ «АЛТЫН САПАДАН» ҮМІТТІ

«СЫР МАРЖАНЫ» СЕРІКТЕСТІГІ «АЛТЫН САПАДАН» ҮМІТТІ

 

Қызылорда облысының күрішшілері отандық нарықпен қатар жаһандық сауда-саттық аренасына шығуда маңызды көрсеткіш саналатын жобаға қатысып жатыр. 

Қазалы ауданындағы «Сыр маржаны» серіктестігі өнім қауіпсіздігі мен озық менеджмент жүйелерін енгізген кәсіпорын. Егінмен қатар мал шаруашылығын өркендетіп отырған кәсіпкерлік құрылымы әлеуметтік жауапкершілікке де аса мән береді.

1999 жылы 350 гектар жерге күріш егіп, 35 адаммен шаруасын бастаған серіктестіктің қазір 4500 гектардай егіс алқабы бар. Жылына 5-6 мың тонна Сыр маржанын көршілес мемлекеттерге экспорттайды. Өткен жылдан бастап тұқым шаруашылығы мәртебесін алып, аймақ диқандарын сапалы күріш тұқымымен қамтып келеді.

Мінажадин Өтеев, «Сыр маржаны» ЖШС директоры:

- Мамандар айтуы бойынша 52-нің үстінде өнім аламыз деп отырмыз. Ол дегеніміз біз облысқа мың тонна тұқым сата аламыз деген сөз. Облыс тұқымының 20%-ы қызыл дән болып кетті. Ал біздегі жасалып жатқан тұқым ішіндегі қызыл дәні 3%-дан аспайды. Бізден өнім алып жатқан Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан елдері біздің өнімнің сапалылығын айтып, қайта-қайта жақсы астықтар сұрап жатыр.

«Сыр маржаны» серіктестігі күрішті Оңтүстік Корея технологиясы бойынша өңдейді. Зауытта дәнді дақыл қабылданып, өңделіп, крахмал мен басқа да пайдалы заттарды бойында сақтай отырып, ақтаудың барлық кезеңінен өткізіледі.

Данияр Сүйлібаев, жұмысшы:

- Ауысымда 18 адам бар. Тәулігіне біз 18 тонна күріш шығарамыз. Қыста тоқтамайды маусымында күзге дейін жалғастырамыз, ары қарай салыға дейін кете береміз. Қазір мен осы Қазалыға көшіп келдім. Сыр маржанында 1 жылдай болды істегеніме.

Серіктестік 2015 жылдың желтоқсан айында 500 басқа арналған мал бордақылау алаңын ашты. Жемделіп, тыңайған ірі қаралар қазір Қызылорда, Байқоңыр қалалары мен аудан көлемінде жоғары сұранысқа ие. Шаруасына шыр біткен кәсіпкер енді консервідегі бұқтырылған ет, шұжық, сүбе шығару комбинатын іске қосуды жоспарлап жүр.

Мінажадин Өтеев, «Сыр маржаны» ЖШС директоры:

- «ҚР үздік тауары» номинациясын алғаннан кейін қазір біздің өнімімізге сұраныс көбейе бастады. Егер де осы «Алтын сапаны» алып, ары қарай жұмыс істейтін болсақ, жауапкершілік күшейеді, сондай-ақ өнім сапасын жақсартамыз деп отырмыз.

Еңбектің шамын жаққан серіктестік Ақтан Батыр, Жанқожа батыр, Өркендеу елді мекендерін түлетуге қыруар қаржы жұмсап келеді. Әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде күріш өндіруші мекеменің есебінен аталған ауылдардың көркіне көз тояды.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: