Футбол клубтарының сайттарын дамыту мәселесі талқыланды
Астанада УЕФА-ның білім беру бағдарламасы аясындағы "Digital Marketing Strategy & Football Relation Management" семинары аяқталды.
Семинардың қонақтары ретінде УЕФА-ның сандық медиа саласындағы мамандар Ноэль Муни, Фиона Грин және "Seven League" британдық консалтингтік компанияның өкілі Питер Клэр шақыртылды.
Ноэль Муни, УЕФА: Аталмыш семинар Қазақстан футбол федерациясының, жалпы Қазақстан клубтарының сандық медиасының дамуына бағытталған. Негізі, клубтық сайттарыңызды дамыту, әлеуметтік желілерді қолға алу арқылы көп жұмыстар атқарғансыздар. Нәтижелеріңіз жақсы. Дегенмен, біз Астанаға бұл көрсеткіштерді одан да жоғары деңгейге жеткізу үшін келдік.
Фиона Грин, УЕФА: Семинар қатысушылары өздерін өте жақсы қырларынан көрсетті. Тапсырмаларды орындау барысында ерекше әдістерді қолданып, креативті шешімдер қабылдады. Сіздің елдеріңізге келіп, әріптестеріммен пікірлесіп, өзіме де көптеген тәжірибе жинақтадым.
Питер Клэр, "Seven League": Сайтты қалай толтыру керектігін, әлеуметтік желілер мен электрондық пошталарды қалай пайдалану керектігін және видеоконтентті қалай жүзеге асыру керектігін айтып бердік. Осыларды жүзеге асыру арқылы қалайша аудиторияны жинау керектігін үйреттік. Дегенмен, сіздер де жылдам дамып жатыр екенсіздер. Виедотрансляция және онлайн-трансляция сынды жүйелеріңіздің қалай жүзеге асып жатқанын көріп, өзіміз таңғалдық.
Семинарға Премьер-лига мен Бірінші лига клубтарының өкілдері қатысты. Екі күндік семинардың қорытындысы бойынша Қазақстан футбол федерациясының Вице-президенті және Бас хатшысы Аллен Шәйжүнісов осы семинарда жинақтаған білімді тәжірибе жүзінде тексеріп көру үшін биыл тағы бір семинар ұйымдастыруды ұсынды.