ПРЕМЬЕР-ЛИГАҒА ШЫҚҚАН «ҚАЙСАРДЫ» ҚОЛДАУҒА БЕЛГІЛІ АУЫР АТЛЕТТЕР КЕЛДІ
30 қазан күні Қызылордадағы Ғани Мұратбаев атындағы орталық стадионда 2016 жылдың Бірінші Лига маусымындағы клубтардың соңғы матчы «Қайсар» және «Алтай» командалары арасында өтті.
Жерлестеріне қолдау көрсетуге ауыр атлеттер Илья Ильин, Александр Зайчиков, футбол ардагерлері және «Дала қасқырлары» фанклубының мыңдаған жанкүйерлері келді.
«Қайсар» бұл маусымда алғаш рет Семейдің «Алтай» командасын 1:0 есебімен жеңді. 12-минутта соғылған жалғыз голдың авторы – жартылай қорғаушы Матич Марушко. Нәтижесінде «Қайсар» 67 ұпай жинап, Қазақстан футболының премьер-лигасына жолдама ұтып алды.
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев және «Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасының» президенті Бағлан Ергешов «Қайсар» ойыншыларын Қазақстан футболының элитасына оралуымен құттықтады.
Маусым қорытындысы бойынша облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Қайсар» командасына жалпы сомасы 20 млн. теңге болатын сертификат табыстады. Бұдан бөлек, аймақ басшысы клуб ойыншыларын ҚР біріншілігінің медальдарымен марапаттады.
«Қайсардың» капитаны Руслан Сақалбаев өз кезегінде қолдау көрсеткені үшін аймақ басшысына алғысын білдіріп, футболшылардың қолтаңбалары қойылған допты сыйға тартты.