Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері өмірден өтті
Футболдан Қазақстан әйелдер құрамасының бас жаттықтырушысы Разия Нүркенова кенеттен қайтыс болды.
Разия Төлеуқызы Нүркенова 52 жастан асқан шағында кенеттен көз жұмған. Бұл есім мамандар мен жанкүйерлер арасында кеңінен танымал. Ол кезінде ұлттық құраманың алғашқы шабуылшысының бірі болған еді.
Р. Нүркенова спорттық мансабын қарағандылық «Олимп» әйелдер футбол клубында бастаған. Бұл командада ол 1987-1991 жылдардың аралығында ойын көрсетті. Команда капитаны міндетін атқарды. 1992 жылы Ресейдің Самара қаласының ЦСКА ВКС футбол клубына ауысып, онда 2001 жылға дейін шабуыл шебіндегі жартылай қорғаушы болды.
Р. Нүркенова кезінде КСРО, ТМД, Қазақстан және Ресей құрамаларына да шақырылған. Спортшылық мансабы аяқталғаннан кейін футбол төрешісі болса, кейіннен бапкерлік қызметпен айналысты. Футболдан Қазақстан және Ресей спорт шебері.