Facebook WhatsApp Instagram

Тарих

0

Әжібай батыр

Тегі – Орта жүз. Қыпшақ – Қара –Торы – Шашты (Кенжеғұл) – Бошай аталығынан.
Әжібай батыр қазіргі Қызылорда облысы, Шиелі ауданы өңірімен Арқа беттегі  Ұлытау, Ырғыз, Торғай өңірлерінде өмір сүрген. Батырдың бейіті – қазіргі Қызылорда облысы Шиелі ауданының Майлытоғай ауылынан 6 шақырым жердегі Итаяқ көлінің қасында орналасқан.
Әжібай батыр да Сыр елінің азаттығы үшін атқа қонған. Ел аузынан алынған дерек бойынша Әжібай ірі, насатты, ержүрек, сұлу кісі болған екен. Бұл кісінің ірілігі соншама, елуінші өлшем аяқ-киім, кебіс киетін болған екен (5). Әжібайдың аты 1808-1809 жылдары шыға бастады. Бұл кезде Қоқан билеушілерінің Сыр бойы халқына тізесі қатты батып тұрған кезі.
Бір күні 16-17 жастағы Әжібай Жөлектегі нағашысына қыдырып барады. Түркістанның бегі елден алым-салық жинай келіп, Жөлекте жатады. Бектің озбырлығының асқаны сонша, әр күн сайын қара марқа қозының етін пісіртіп жеп жатады. Бұл қорлыққа шыдамаған Әжібай бір тәуекелге бел байлап, «Малым – жанымның садағасы» дегендей, нағашыларына: «Сендер уайымдамаңдар, бұл қорлық иә өршитін болсын, иә өшетін болсын, мені қыз етіп киіндіріп дайындаңдар», – дейді. Межелі уақытта бектің шабармандары «қызды» алып, бекке табыс етеді. Кеш түсіп, екеуі серуенге шығады. Қыдырып оңашаға шыққан соң Әжібай батыр бектің дыбысын шығармай, қанжарды алқымына таяп тұрып: «Бек, иманыңды үйіре бер, кәпір өлімінде кетпе, көп асқанға бір тосқан бар», – дегенде бек Әжібайға жалына бастайды: «Кім болсаң да менің жанымды қи, енді бұл іс қайталанбайды, менің де саған бір көмегім тиер», – дейді. Сонда бек уәдесінде тұрып, кейінгі бір Жөлектің жұма базарында жиналған бұқара алдында Әжібайды «төбе би» етіп сайлайды (6).
Әжібай батыр 1822-1825 жылдары аға сұлтан Сандыбайұлы Ерденнің көмекшісі болады.
Батыр бабамыз – Кенесары Қасымұлы бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісін қолдаушы және оған белсене қатысушы. Кенесары Орынбор және Батыс Сібір губернаторлықтарының жеріне тұрақтай алмай, оңтүстікке қарай ойысқанда, Ресей үкіметінің қысымы мен құғынына ұшыраған Әжібайдың елі де Сарыарқадан Сыр бойының Қоқан хандығына қараған Шиелі қыстағының маңына көшіп барған. Әжібайды Қоқан ханы өз руының датқасы етіп бекіткен (7).
1861 жылдың 11 мен 25 маусымның аралығында орыс патшасының тікелей нұсқауымен Орынбор мен Омбы губернияларында тұратын Кіші жүз бен Орта жүздің 189 беделді өкілі шақырылып, қатаң шекаралық тәртіп жөнінде сьезд ашады. Осы сьезге қатысқан Әжібай батыр туралы: «Қыпшақтың белгілі биі, Кенесары мен Сыр бойына көшкен елдің бір бөлігіне Ақмешіт бекінісі құлағанға (1853ж) дейін датқа болған Әжібай Қарпықов» деп көрсетілген (6).
Омбы облыстық мемлекеттік архивінде сақталған құжаттарда: «1862 жылы қазан айында Сарысу бойын жайлайтын Кіші жүз рулары мен Ұлытаудың батыс бөктерін мекендеген қыпшақтардың арасындағы мал дауын шешуге Әжібайдың ерекше ықпалы болғандығы» атап көрсетілген (7).
Батыр бабамыз 75 жасында қайтыс болыпты. Сыр бойының атақты ақыны Бұдабай Қабылұлы (1830-1890) Әжібайдың қазасына:
«Елу сегіз жасыңда Шалқыдың шалқар теңіздей.
Елу тоғыз жасыңда, Көзге түстің семіздей.
Әжібай-Торғай атандың, Бірге туған егіздей.
Алаштан алдың алғысты, Атаңа нәлет дегізбей.
Әділеттілігің жайылды, Наушаруан салған негіздей», – деп көңіл айтыпты

Бақытжан АХМЕТБЕК
Тағы да оқыңыздар:
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: