Қармақшы ауданының орталығы - Жосалы кентінен батысқа қарай 12 шақырымда Сортөбе қалашығы орналасқан. Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткішке 2007 жылы Ж.Құрманқұлов және М.Елеуовтің жетекшілік жасаған археологиялық барлау тобы Сортөбе қалашығында алғаш рет барлау жұмыстарын жүргізген. Қалашық Оғыз кезеңінің «Батпақты қалалар» мәдениетінің ерекше ескерткіші болып табылады.
Қуаңдария, Ескідария және Сырдария өзендерінің Арал теңізіне құяр маңындағы оазис көне заманнан тұрақты сауда, евразия аудандары көшпенділерінің мәдени және этникалық қарым-қатынас, сонымен қатар, көшпенділер өркениеті мен ортаазиалық отырықшы оазистерін байланыстырған аймағы болған. Осы жерде атақты сауда жолдарымен әсіресе Ұлы Жібек жолымен бірге, тарихи миграция жолдары және олардың өзіндік тоғысулар іздері жатыр. Бұл ретте қалашық ортағасырлық Қазақстан археологиясының оғыз кезеңіне қатысты үлгілі (эталонды) ескерткіштердің бірі екендігіне зерттеулер нәтижесі дәлел болуда.
Сортөбе қалашығы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы Жосалы кенті аумағында орналасқан. Қалашықтың Қазақстан тарихында алатын орнының маңыздылығы және туристік әлеуетінің жоғары деңгейде болуымен ерекшеленеді.Қалашықтың мерзімделуі VII-ХІ ғасырлар.
2017 жылдан бастап қалашықтың тарихи орнында Қызылорда облысының Тарихи-мәдени мұраларын қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңесінің шешімімен кешенді қазба жұмыстары жүргізілуде.
Зерттеу жұмыстарының негізгі мақсаты қалашықтың қалыптасу тарихын, әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуын зерделеу, сондай-ақ, қорғаныс бекіністері мен оның жанындағы маңызды нысандарды аршу болып отыр.
Сортөбеде жүргізілетін ғылыми-зерттеу жұмыстарының ерекшелігі сонда, оны зерттеудің нәтижесінде Қазақстанның ортағасырлық археологиясының осы күнге дейін шешімін таппай отырған ақтаңдақтарының бірі – Оғыз кезеңінің археологиялық мәдениеті туралы жан-жақты, кешенді деректер алынды. Қалашықтың оғыздар дәуіріндегі рөлі мен маңызын анықтауға және зерттеулер барысында табылған қорған-сарайлық, фортификациялық құрылыстарды қалпына келтіруге мүмкіндік берді.
Қызылорда облысы тарихи-мәдени мұра объектілерінің 3D форматтағы интерактивті картасы берілген арнайы сайтта (www.virtualmap.xyz) қалашық туралы толық ақпарат бар. Сондай-ақ, ақпараттың қолжетімді болуын қамтамасыз ету мақсатында QR-код орнатылды.
«Қызылорда облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі» КММ