Шынар ана жасынан қонақ күтіп, елдің салт-дәстүрінен мол хабардар болып өседі. Оны ел аузындағы аңызға айналған әңгімелердің өзі-ақ аңғартады. Солардың бірінде Арқадан келген Шұбыртпалы Ағыбай, хан тұқымы Наурызбай және сырбойылық Бұқарбай батырлар кездесіп, қыз хақында сөз қағысуы, үшеуіне Шынар қыздың берген жауабы әртүрлі айтылып жүр. Дегенмен, бәрінің мазмұн-мәні – батырлардың Шынар қызға сөз салуы. Сонда Бұқарбай батыр оларға қарап тұрып:
… Қастасқан жауға қадалдым,
Қадалған жерден қан алдым.
Қан алмадым жан алдым,
Шынар қызды ендеше,
Сендер емес, мен алдым! – деп дауды бір-ақ шешкен деседі. Ақылына көркі сай Шынар қызбен Бұқарбай батыр қосылып Көтібар, Алданазар, Зылиха атты үш перзентті болыпты.
Ел аузындағы әңгімелердің бірінде былай баяндалады: Қастасып жүрген бір батыр «Бұқарбай ауылында жоқ» дегенді естіп, «ауылды шауып, Шынарды байлап әкеліңдер» деп жігіттеріне тапсырма беріпті. Күйеуін күтіп жол қарап тұрғанда Күмісасардың арқа бетінен шаң көрінеді. Бұлардың жау екенін біліп, ауылға қарай шабады. «Кім едіңдер?» дегенде олар «бізге Бұқарбайдың жары Шынар керек» депті. Сонда Шынар ана, «мен» деп оларға қарсы беттейді. Аяқ-қолы байлаудағы Шынар ана:
… Көбігі көкке шашылған,
Көлдерім саған не жаздым?
Тыныштыққа бөленген,
Түндерім саған не жаздым? – деп зарлапты.
Қарсыласқан Шынарды найзамен түйреп тастайды. Өлім мен өмірдің ортасында жатқан Шынарды жау жағы көлге апарып тастап кетеді. Біраз уақыттан кейін есін жиып, жағаға шығып, үйіне қарай жылжи отырып, балаларының атын атап шақырып, қайтыс болған деседі. Көл жағасында өмірден өткен Шынар ананы арулап, осы көл жағасына жерлейді. Міне, содан бері көл «Шынар көлі» деп аталыпты.