Facebook WhatsApp Instagram

Денсаулық

0

Наркологиялық науқастардағы суицидалдық мінез-құлық

Психиатрия мен наркология ғылымы дамуының қазіргі таңдағы кезеңі тәуелді мінез-құлық проблемасының кеңеюімен және тереңдеуімен ерекшеленеді. Мұндағы мамандарға тек химиялық қана емес (маскүнемдік, нашақорлық), сондай-ақ химиялық емес ауытқулары (аддикциялары) бар адамдар да, сонымен қатар анық білінетін қоса тәуелді мінез-құлқы бар олардың туыстары да көмекке жүгінеді. Аталған психикалық бұзылыстардың бәрі елеулі медициналық-әлеуметтік зардаптармен бірге жүреді. Олардың ішіндегі өзіне қол жұмсаудың жоғары деңгейін ерекше атап көрсетуге болады. 

 

Ауытқулы бұзылыстар мен суицидалдық мінез-құлық отбасы жағдайына тікелей тәуелді. Неке туралы сөз еткенде аддиктивті науқастардың отбасы мүшелеріндегі "тәуелді” психикалық жайсыздық (дискомфорт) проблемасын да атап өтпеуге болмайды. Қоса тәуелділікке тек жұбайлар ғана емес, сондай-ақ аддикт тұлғалардың ата-аналары мен балалары да тартылады. Суицид мәселесін сөз еткенде осыларды ескерген жөн. 
Ал жәй ғана алкогольдік немесе есірткілік мастану өзіне қол жұмсау талпыныстарын жүзеге асыруды жеңілдетеді, өмірлік (виталдық) қорқынышты алып тастайды, кейде "өмірмен қош айтысу” рәсімдік мән иеленеді. Бірқатар деректерге сәйкес суицидтің 55-70%-і алкогольдік немесе есірткілік мастану кезінде жүзеге асады. Демек, психобелсенді заттарды (ПБЗ) тұтыну суицидалдық мінез-құлық қаупінің негізгі факторлары болып табылады. 
Зерттеушілердің бәрі суициденттердегі алкоголизмге немесе нашақұмарлыққа деген тұлғалық бұзылыстардың бірінші реттік шығу тегін атап өтеді. Сондай-ақ әлеуметке қарсы тұлғалық бұзылыстардың да мәні зор: жоғары деңгейдегі дау-жанжалдық, озбырлыққа және құқық бұзушылыққа бейімділік, әлеуметтік дезадаптация. Алкоголь немесе есірткі психопатиясы, невроздар, органикалық бұзылыстар, сонымен бірге шекаралас ақыл-ой кешеуілдеуі бар тұлғалар суицидалдық мінез-құлық катализаторы қызметін атқарады. 
Өзін күйретуге бағытталған тұлғалық бұзылыстардың қалыптасуы ерте балалық шақта өтеді. Ата-ананың мінез-құлық үлгілерін баланың өз бойына сіңіруі мен оларды өз отбасында қайта жаңғыртуы ұрпақтан ұрпаққа жалғасуы мүмкін деструктивтік отбасы сценарийінің қалыптасуына жетелейді. Мәселен, ата-ананың өз баласына "Мұнан да сенің өлгенің жақсы, бір рет жылап қоя салар едім”, "Сен мені көрге сүйрейсің”, "Мен сен үшін бар өмірімді сарп еттім” деген вербалды және вербалдық емес әрекет арқылы балада эмоционалдық оқшалану және елеусіз қалу сезімі қалыптасады. 
Торығу (депрессия), маскүнемдік немесе нашақорлық пен өзіне қол жұмсау (суицид) сияқты үш фактор бір-бірін толықтыра түседі. Зерттеушілер суициденттердің басым бөлігінің депрессиядан жапа шегетінін атап көрсетеді. 
Наркологиялық науқастардағы суицидалдық мінез-құлықты былайша сыныптауға болады (Трайнина, 1987):
- шынайы суицидтер. Бұларды торығулы науқастар стресстік факторы жоғары және ПБЗ-ға патологиялық құмарлығы аз кезде жүзеге асырады.  
- демонстративтiк – жанжалдық суицидалдық мінез-құлық.
- компульсивтік әуестігі бар дисфориктердегі импульсивтік талпыныстар.
Өзіне қол жұмсауды іске асыру мерзімі бойынша:
- аффект жағдайындағы психогения фонындағы мастану жай-күйінде;
- жедел психоөнімділік әсерінен алкогольдік психоз жағдайында;
- өзін кінәлау идеялары, кінәлілік сезімі, "моральдық талқандалу” сезімімен бірге депрессивтік симптоматика фонындағы абстиненттік жай-күйде;
- аффективтік бұзылыстар, психогениялар, үмітсіздік жағдайы фонындағы ремиссия кезеңінде.
Суицидалдық қауіп индикаторлары:
- анамнестикалық: суицидалдық ойлар, талпыныстар және с.с., ата-аналары мен жақын туыстары арасындағы өзіне қол жұмсау оқиғалары;
- психодиагностикалық: суицидалдық қауіпті бағалауға арналған ұсынылатын психодиагностикалық әдістемелер (невротизация мен психопатизация деңгейінің шкаласы - НПД), Цунгтің депрессия шкаласы, Бектің үмітсіздік шкаласы, Айзенктің жеке тұлғалық сауалнамасы, Тейлор сауалнамасы, ауытқулы бейімділік сауалнамасы, Вагиннің суицидке қарсы түрткілену әдістемесі;
- жағдаяттық: қайғы, жедел немесе созылмалы стресс жай-күйі;
- мінез-құлықтық: ПБЗ-ды тұтыну, өз бетінше жеке оқшаулану, белсенділіктің күрт төмендеуі, өлім туралы әңгімелер, "ретке келтіру” (аманат, хаттар, қарыздан құтылу және с.с.);
- когнититвтік: суицидалдық мінез-құлыққа рұқсат ететін ұстанымдар, өз тұлғасын, айналадағы әлемді және болашақты теріс бағалау, "туннелдік жанар”, дихотомиялық ойлау, суицид құралдарының, бұйымдарының қолжетімділігі.
         Төрехан Қасымұлы Бектеген,
"облыстық наркологиялық орталығы” МКҚК бас дәрігері

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: