Қан құю арқылы коронавирус індетінен айықтыруға болады. Облыстық қан орталығы мамандары COVID-19 инфекциясымен ауырған науқастардан иммунды плазма дайындауды бастады.
Осы кеселдің орташа немесе ауыр түрімен ауырғандардың кейбірінде ауруға қарсы иммунитет пайда болатын көрінеді. Орталық мамандары осыған дейін кеселді жеңген 25 адамнан сынама алып, оның 17-де дертке қарсы антидене бар екендігін анықтаған. Германиядан әкелінген 100 сынама тест 1 сағат ішінде адамда COVID-19-ға қарсы иммунитет бар жоғын анықтап береді.
Облыстық қан орталығы мамандары осы уақытқа дейін короновирустың ауыр түрімен науқастанып жатқан 5 адамға иммунды плазманы құйып көрген. Нәтижесінде олардың бәрі ауруына айыққан. Бұл антиденелер COVID-19 ауруымен ауырып шыққан тұрғынның бойында 3 айға дейін вирусқа күреседі.
Аймақ тұрғындары осы инфекцияға қарсы иммунитеті бар немесе жоқтығын білгісі келсе, облыстық қан орталығында ақылы түрде тексерілуге болады. Егер иммунитеті бар болса қалауы бойынша иммунды плазма тапсырып, оны ақылы түрде облыстық қан орталығының плазма банкісінде сақтап қоя алады. Келешекте жоғарыдағы індетпен туысы науқастанса немесе өзі қайталап ауырған жағдайда өз плазмасын өзіне пайдалануға жарамды. Плазма бұл жерде 3 жылға дейін сақталады.
Облыстық қан орталығының мамандары соңғы уақытта донорлардың екі есеге азайып кеткенін айтады. Иммунды плазма дайындау мақсатында COVID-19 ауруымен ауырып шыққан тұрғындарға қан тапсырып, өзгеге өмір сыйлауға шақырады.