Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары арасында өткізілген тоғызқұмалақ желілік сайысында қызылордалық өрендер тағы да жеңіс тұғырынан көрінді. Бір алтын және бір қола медалін қанжығалаған ойыншылар командалық есепте екінші жыл қатарынан чемпион атанды.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Назарбаев Зияткерлік мектебінің тоғызқұмалақ үйірмесінің жетекшісі Қырмызы Секина хабарлады.
«Біздің зияткерлік мектебіміз тоғызқұмалақ сайысынан төртінші рет бас жүлдеге ие болды. Жалпы еліміз бойынша 90-ға жуық оқушы қатысты. Мектептің намысын Жұлдызай Мұнайтбасова, Досымжан Райымбек, Азамат Алтынбеков және Жансая Досық қорғады. Сырбойылық зияткерлер еліміздің түпкір-түпкірінен жиналған 90 ойыншымен бірге жүлделі орындарға таласты. Нәтижесінде 10-12-сыныптар арасында оқушыларымыз олжалы болды», - деді жаттықтырушы Қырмызы Құрманқызы.
Жарыс 1-3 қараша аралығында PlayOk платформасында онлайн түрде өткізілді. Сайыста топ жарған Жұлдызай Мұңайтпасова тоғызқұмалақты 8 жасында үйренген. Сол уақыттан бері қолы қалт етсе ойнауды әдетке айналдырған.
– Қазақтың ұлттық ойыны – тоғызқұмалақ логикалық ойлауымызды арттырып, математикалық дағдыларымызды дамытады. Ойында жеңіске жетуде есептеу жылдамдығы ғана маңызды емес, дұрыс тактика қолдана білуде керек. Бірнеше рет турнир жеңімпазы атандым. Әр ойында өзімнің қабілетімді шыңдап, қарсыластарымнан да тәжірибе жинадым, – дейді Жұлдызай Мұнайтбасова.