Әлемдік тәжірибе гендерлік мәселелер көптеген елдерде мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып табылатынын көрсетіп отыр. Халықаралық қоғамдастық гендерлік теңдік саласындағы рейтингтерді үнемі қадағалап отырады.
Мемлекеттік гендерлік саясаттың мақсаты қоғам өмірінің барлық салаларында ерлер мен әйелдердің тепе-тең құқықтарға, пайдаға, міндеттер мен мүмкіндіктерге қол жеткізуі, жыныс белгісі бойынша кемсітушіліктің барлық нысандары мен көріністерін еңсеру болып табылады.
Гендерлік теңдік институтын нығайту
1995 жылы Пекин декларациясына қосылған сәттен бастап мемлекет нысаналы түрде гендерлік саясатты қалыптастыруға бағыт алды. 1998 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия құрылды, өңірлерде тиісті консультативтік-кеңесші органдар жұмыс істейді.
Қазақстан 2015 жылғы қыркүйекте БҰҰ-ның тұрақты даму саласындағы мақсаттарды (бұдан әрі – ТДМ) іске асыру бойынша міндеттемелерді өзіне алды, ондағы 17 мақсаттың 12-сі гендерлік сезімтал болып табылады. Мақсаттардың бірі ретінде 5-ТДМ көрсетілген: "Гендерліктеңдікті қамтамасыз ету және барлық әйелдер мен қыздардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту". Ол жыныс белгісі бойынша кемсітушіліктің барлық нысандарын жоюға және қыздар мен әйелдер үшін мүмкіндіктер мен қарым-қатынастың теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Бұл мақсаттар мемлекеттің барлық стратегиялық бағыттары мен міндеттері аясында ұлттық бейімдеуді және есепке алуды талап етеді.
Бүгінгі таңда БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттары (ОДМ) 79,9 %-ға стратегиялық мемлекеттік бағдарламаларға интеграцияланды.
2006 жылға дейінгі Гендерлік саясат тұжырымдамасы, Қазақстан Республикасында 2006 − 2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясы қабылданып, іске асырылды, олар гендерлік теңдік мүддесінде ұлттық заңнаманы құру және жетілдіру бойынша одан әрі қадамдар жасауға мүмкіндік берді.
"Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы" 2009 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Заңы гендерлік саясат саласындағы негізгі заңнамалық акт болып табылады. Қазақстанда мемлекеттік бюджеттің әлеуметтік құрамдасын күшейтуге және екі жыныс үшін тең құқықтар мен тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін гендерлік бюджеттеу тәсілдерін тұжырымдау бойынша шешім қабылданды.
Бүгінгі таңда еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде үкіметтік емес ұйымдар үлкен рөл атқарады.
Дүниежүзілік экономикалық форумның (бұдан әрі – ДЭФ) индексіне сәйкес Қазақстан 2016 жылдың қорытындысы бойынша 147 елдің ішінде 52-орынды, 2020 жылдың қорытындысы бойынша 156 елдің ішінде 79-орынды иеленді. Осы көрсеткіш бойынша Қазақстан рейтингінің айтарлықтай төмендеуі байқалады.
ДЭФ бағалауы бойынша Қазақстанның саяси мүмкіндіктері мен әлеуметтік-экономикалық қатысуын кеңейту салаларындағы көрсеткіштерінің гендерлік алшақтық деңгейі орташа. Ұзақ мерзімді перспективада олар ұлттық адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігіне әсер етуі мүмкін.
2020 жылы Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" және "Саяси партиялар туралы" Заңдарға түзетулер қабылданды, оларға сәйкес партиялық тізімдер әйелдер мен жастар өкілдігінің кемінде 30 %-ын ескере отырып қалыптастырылады. Енгізілген түзетулердің қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіндегі әйелдердің үлесі – 27,1 %, барлық деңгейдегі жергілікті өкілді билік органдарында – 30,5 % болды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекет қатысатын компаниялардың басшы органдарында әйелдер үлесін кезең-кезеңімен 30 %-ға дейін арттыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өткен жөн.
2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстан халқының саны 1 358 936 адамды құрады, оның ішінде әйелдер – 10060353 (52 %), ерлер – 9298583 мың (48,0 %).
Мәселен, 2016 жылмен салыстырғанда әйелдер саны 5,0 %-ға өсті, егер 2016 жылы әйелдер саны 9 249,7 мың болса, 2022 жылы 10060353 әйелді құрады. Әйелдердің басым бөлігі қалалық жерлерде – 5 883 мың (60,5 %), ауылдық жерлерде – 3 836 мың (39,5 %) тұрады.
Қазақстанның еңбек нарығы әйелдердің жұмыспен қамтылуының жоғары деңгейімен, білікті жұмыскерлердің болуымен сипатталады.
Салалық гендерлік сегрегацияда іс жүзінде ешқандай өзгерістер болған жоқ.
Кәсіби салада орын алған гендерлік теңгерімсіздік себептерінің бірі "ерлер" және "әйелдер" кәсіптерінің болуы туралы жалпы таралған таптаурындар болып табылады.
2021 жылы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы шеңберінде Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне әйелдердің еңбегін пайдалануға тыйым салынатын жұмыстар тізімінің күшін жою бөлігінде өзгерістер енгізілді. Оны жою туралы шешім прогрессивті сипатқа ие және ерлер мен әйелдердің еңбек саласындағы тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге бағытталған.
Әйелдердің экономикалық мүмкіндіктері кеңеюде. Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және уәкілетті мемлекеттік органдардың бірлескен күш-жігерімен республикада әйелдер кәсіпкерлігінің динамикалық секторы қалыптасты. Алайда, ауылдық жерлерде тұратын, қоғамдық, мемлекеттік ресурстар мен көрсетілетін қызметтерге қол жеткізуден айырылған әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту мәселесі ерекше назар аударуды талап етеді. Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша Қазақстанда ауылдық жерде тұратын әрбір үшінші әйел өзін-өзі жұмыспен қамтыған және табиғи өнімнен түскен табыспен күн көреді, өздері соны тұтынады. Өзі тұтыну да соған жататын кірістер әйелдерді нақты экономика секторына қайта бару үшін адам капиталына қаражатты инвестициялау мүмкіндігінен айырады.
Әйелдердің белсенді рөлі, бірінші кезекте, шағын және орта бизнесте байқалады.
2015 жылы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Еуропа Қайта Құру және Даму Банкі арасында "Бизнестегі әйелдер" бағдарламасын іске асыру үшін келісімге қол қойылды. Бағдарлама қаржыландырудың қолжетімділігі тұрғысынан да, ноу-хауға қол жеткізуге қатысты да бәсекелестікті арттыруға және әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған.
Қабылданған шаралар ДЭФ бәсекеге қабілеттілік жаһандық индексінің "Әйелдердің жұмыс күшіне қатысуы" көрсеткіші бойынша Қазақстанның 26-орынға ие болуына септігін тигізді (2019 ж.).
Салтанат Арғымбаева,
Жамбыл облысы Жамбыл аудандық сотының судьясы