Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Қызылордалық полицей суға батып бара жатқан азаматты құтқарды

Ерлік жасау мамандық пен сала таңдамайды. Десе де, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ол - тәртіп сақшылары.  Қауіптің бел ортасында жүретін полицейлердің жұмысы оңай емес. Олар қоғам тыныштығын күзетіп қана қоймай, қиындыққа тап болған қаншама жанды ажалдан арашалап, өмірлерін құтқарып қалады.

Оның  бір дәлелі ретінде бүгін Қызылорда өңірінің полицейі жергілікті тұрғынды ажалдан құтқарды. 
Жергілікті сағат 11:30 шамасында Жалағаш ауданы полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы полиция майоры Абдраманов Ержан Асылханұлы және патрульдік полиция тобының аға инспекторы полиция лейтенанты Өтеш Ернұр Өміртайұлы аймақты аралаған. Кенеттен көліктің алдынан  жергілікті тұрғын жүгіріп шығып, көліктерін тоқтатуын сұрайды. Ентіккен азамат Бұқарбай батыр елді-мекеніне қарасты «Северный» каналында бір азаматтың суға батып бара жатқандығын айтып, көмектесулерін өтінді. 
Осы сәтте полиция қызметкерлері  жедел әрі  үйлесімді әрекет жасады, себебі абайламай жасалған бір әрекеттің өзі орны толмас қасіретке апаруы мүмкін еді.  
Полицей Ержан тұңғиыққа бойлаған жігітті аман алып қаламын деп ойланбастан суға секірді. Суға секіріп, жігітті жағаға шығарып, оған дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсетті. 
Мән – жайды  анықтау барысында жергілікті тұрғын канал жиегіне барып, күріштіктің суын тексеремін деп абайсызда құлап кеткендігі анықталды. Ол Қызылорда қаласындағы жоғарғы оқу орындарының бірінің  студенті. 
Полицейдің өзі атап өткендей, ол бұл әрекетті ерлік деп санамайды, бұл оның күнделікті жұмысының бір бөлігі ғана. Десек те, ердің ері сыналар оқиға болған тұста қызылордалық полицейлер  ерлік көрсетіп, азаматтық танытты.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: