Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Математика қазақ халқының өмірінде де жарқын көрініс тапқан

Қызылордалық ұстаз Мұхтар Талғатұлының мектеп оқушылары мен мұғалімдерге арнап жасаған математикалық сайты көпшілік арасында үлкен сұранысқа ие болып отыр. Қазіргі күні математикалық сайттың жаһандық желі беттерінде танымалдығы артып келеді. Жаңашыл жобаны жүзеге асыруға ұйытқы болған ұстазды әңгімеге тартқан едік.  


– Бұл идея қашан пайда болды? Оған көпшіліктің қызығушылығын білгіміз келеді.
– Алдымен математиканың даму тарихы айта кетейік. Ол шартты түрде төрт кезеңге бөлінеді. Бірінші кезең — математиканың білім-дағдыларының қорлану, жинақталу дәуірі. Ол ерте кезден басталып б.з.б. 7-6 ғасырларына дейін созылды. Бұл дәуірде математика адамзат тәжірибесіне тікелей тәуелді болды, содан қорытылған ережелер жинағынан тұрды.
Екінші кезең — математиканың өз алдына дербес теориялық ғылым болып туу, қалыптасу кезеңі. Мұнда арифметика, геометрия, алгебра, тригонометрия айрықша теориялық пән болып қалыптасты. Бұл кезең тұрақты шамалар математикасының, кейде элементар математика кезеңі деп аталады. Ол екі мың жылға жуық мерзімге созылып, шамамен XVII ғасырда аяқталады.
Үшінші кезең — айнымалы шамалар математикасы немесе жоғары математиканың (математикалық талдау, аналитикалық геометрия т.б.) туу, қалыптасу кезеңі. Бұл XVII ғасырда басталып, XIX ғасырдың 2-жартысына дейін созылды.
Математиканың қарастыратын сан қатынастары мен кеңістік пішіндерінің шеңбері ұлғая келіп, XIX ғасырдың орта тұсынан бастап математикалық зерттеулерді саналы түрде кеңейту мәселесі күн тәртібіне қойылды. Н.И. Лобачевский ашқан евклидтік емес геометрия жүйесі бұл бағыттағы алғашқы қадам болды. Жиындар теориясына байланысты талдаудың, геометрияның және алгебраның жаңа сападағы салалары шыққаннан кейін, математиканың негізгі мәселелерін жалпы қарастыру кезеңін төртінші кезеңге жатқызуға болады.
Мен Қызылорда қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде қызмет атқарамын. Оқушылар мен мұғалімдерге арналған қазақша математикалық сайт осымен 6-шы жыл жұмысын үздіксіз жалғастырып келеді. Қазіргі таңда тұрақты 23 мыңнан астам белсенді қолданушысы бар. Осылайша қолданушылар контент мазмұны мен қолжетімділігіне жоғары баға беріп отыр.
Сайт құру идеясы бірнеше жыл бұрын пайда болды. Жаһандық желі беттерінен қазақ тіліндегі материалдардың жетіспеушілігін байқадым. Сол арқылы математикадан барлық ресурсты, оның ішінде электронды оқулықтар, дидактикалық материалдар мен тесттер, сонымен қатар есептер жинағын бір сайтқа жинақтауды қолға алдым. 
Кейіннен әріптестердің кеңесі бойынша онлайн-платформаны түрлі ресурстар және құралдармен толықтырдым. Сайтта әдістемелік нұсқаулықтан басқа, қорытынды емтиханға дайындалуға арналған әртүрлі тест тапсырмалары бар. Сондай-ақ пән бойынша білімді тексеруге арналған олимпиадалық бөлім ашылған. 
– Сайтты жасап шығуға кімдер ықпал етті? Оған мектепте білім алып жатқан жас өрендердің қызығушылығы қалай? 
– Сайттың ең қымбат бөлігі – оның түпкі идеясы, концепциясы. Оны жасай алатын адамдар көп болуы мүмкін, бірақ түпкі идеясын мен жалғыз отырып жасай алмас едім. Яғни, әріптестерімнің қосқан идеяларының арқасында толыққанды контентке айналып отыр.
Бастапқыда оқушылармен команда құру арқылы кішігірім жобалар жасаудан басталса, қазіргі таңда республика бойынша математика пән мұғалімдері арасында команда құрып, әртүрлі жобаларды іске асырудамыз. Соның ішінде сайт дизайнын жасау, теориялық бөлімдер мен тесттер түрлері және құрылымы, сол сияқты есептер шешімдері сияқты командалық жобалар бар. Мектеп оқушыларын жобаға тарту әлі де сәтті жалғасын табуда. 
Мен үнемі қолданушылардың пікірімен санаса отырып, қай жобаға сұраныс көптігіне анализ жасап отырамын. Сайтта қазіргі таңда мұғалімдерге арналған бөлімдері, оның ішінде Оқушыларды топқа бөлу, Оқушыны таңдау, Кроссворд құрастыру, Филлворд жасау сияқты басқа да құралдар бөліміне сұраныс көп. Бұл құралдарға бейненұсқаулық жасап, әлеуметтік желілерде 200 000-нан астам қаралым жинап жүрген мұғалім-блогерлерге алғысымды білдіргім келеді. Соның арқасында сайттың аудиториясы кеңейіп, басқа пән мұғалімдері үшін де танымалдылыққа ие болды. 
– Жалпы, математиа ғылымының дамуында әлемде қандай ғалымдар үлкен еңбек сіңірді?
– Айта кетсек, алгебра – математиканың теңдеулерді шешу жөніндегі есептерге байланысты дамыған негізгі бөлімдерінің бірі. Алгебра атау және жеке ғылым саласы ретінде Әбу Абдаллаһ әл-Хорезмидің 1-ші, 2-ші дәрежелі теңдеулерге келтірілетін есептердің жалпы шешімі көрсетілген «Әл-жәбр уә-л-Мұқабала» атты еңбегінен бастау алады. 
Ал, Омар Хайям(1038/48-1123/24)— 3-ші дәрежелі теңдеулерді зерттеуді жүйелеп, өзінің «Алгебрасын» жазған. Орта ғасырлық шығыс ғұламалары гректер мен үнділердің математикасын түрлендіріп, қайта өңдеп Еуропаға табыс еткен. 
Амалдарды белгілейтін таңбалар енгізу нәтижесінде алгебра одан әрі дамыды. XVII ғасырдың ортасында қазіргі алгебрада қолданылатын таңбалар, әріптер толық орнықты. Ал 18-ші ғасырдың басында алгебра математиканың жеке бөлімі ретінде қалыптасты. 17-18—шің ғасырларда теңдеулердің жалпы теориясы (көпмүшеліктер алгебрасы, т. б) қарқындап дамыды. Оған сол кездегі ірі ғалымдар — Рене Декарт, Исаак Ньютон, Жан Даламбер мен Жозеф Лагранж үлкен үлес қосты. Неміс математигі Карл Гаусс кез келген n дәрежелі алгебралық теңдеудің нақты не жорамал n түбірі болатындығын анықтаған (1799). XIX ғасырдың басында норвег математигі Нильс Абель және француз математигі Эварист Галуа дәрежесі 4 тен жоғары болатын теңдеулердің шешуін алгебралық амалдар көмегімен теңдеудің коэффиценті арқылы өрнектеуге болмайтындығын дәлелдеген.
Айта кетсек, есептердің шешімін таба отырып – баланың ойлау жүйесінің дамуына ықпал етіп, өмірдің кез келген жағдайында дұрыс шешім таба алуға тәрбиелейді.
Қазақ халқының ежелгі баспанасы – киіз үйдің құрылымы да тұнып тұрған математика. Математикалық тұрғысынан қарағанда киіз үй негізі 3 бөліктен тұрады. Уықтары параболаның бір бөлігі. Шаңырағы, табаны шеңберлер. Цилиндр орнықты фигура болғандықтан киіз үйдің пішіні соған сәйкестендіріліп жасалған. Киіз үйдің есігі тік төртбұрыш. Кереге арасы ромб. Киіз үйдің шаңырағынан дәл ортасынан табанына түсірілген биіктігі едендегі шеңбердің центрімен дәл келеді де, симметрия осін береді.
Математиканың нақты ғылымдар саласында алатын орны орасан зор. Математика – ғылымдардың іргетасы. Математикасыз физика, химия, тіптен биология салаларын елестету мүмкін емес. Математиканы кез келген ғылым саласына енгізсеңіз, оған жан бітіп, бойына қан жүгіреді. Ол бізді қоршаған ортаны танып – білуге, заңдылықтарын анықтауға мүмкіндік береді.
Математика – объектілердің қасиеттері мен байланыстарын бейнелейтін математикалық моделді зерттейтін адамзаттық білімнің аймағы. «Математикалық модел адам ойынан туындай отырып, объективті зерттеу пәні ретінде жасалуы – керемет! Оның қасиетін тану арқылы біз нақты өмірді бейнелейтін моделдің қасиетін тани аламыз» деп В.А.Успенский жазып кеткен. Сонымен қатар, математика – ғылымдардың ең басты тілі ретінде нақты әлемнің құбылыстарын сипаттайтын әртүрлі тәсілдердің ең қолайлысын көрсетеді. Математика – бұл бір ерекше әлем. Сырт көзге ол тек мылқау сандар мен суық есептен ғана жаралған құрғақ дүние болып көрінеді. Бірақ оның ішкі сырларына сүңги білген адамға өзіндік айырықша әсемдіктері, пән сапалық түйіндері, қиялға қанат байлап, ойға қуат құятын, айналаңдағы жалғыз дүниеге жан бітіріп, құдіретті құбылыстары дайын тұр. Математика адамға Алланың сыйлаған бір құдіреті.
– Сайттың қолжетімділігі туралы айтып беріңізші. Барлық ресурс тегін бе?
– Бастапқыда сайт жасаудағы идея барлық ресурстарды тегін көрсету болатын. Сондықтан сайтта ешқандай жарнама элементтері орналастырылмады және барлық ресурсты тегін жүктеп немесе баспадан шығарып алуға болады. 
– Инновациялық жоба республикалық деңгейдегі іс-шаралар барысында таныстырылды ма? Оны сала мамандары қалай бағалады? 
– Алғашқыда, семинарларда сайттың мүмкіндіктері тақырыбында шеберлік сағаттарын өтіп жүрдім. Кейін 2020 жылы авторлық жобамды республикалық Педагогикалық идеялар фестивалінде таныстырдым. Мұнда сарапшылар сайтты жоғары деңгейде бағалады, бұл сайыстан маған бас жүлде табысталды. 
– Математика саласында жеткен табыстарың үшін қандай марапатқа ие болдың?
– Айта кету керек, 2019 жылғы қорытынды аттестаттаудың нәтижесі бойынша менің шәкірттерім математика пәні бойынша жоғары балл жинап, 20 зияткерлік мектеп арасында алғашқы ондықтан көрінді. Ал білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесім мен педагогикалық қызметтегі шығармашылық жетістіктерім үшін Білім және Ғылым министрінің Алғыс хатымен марапатталдым. 
– Қазақтілді қоғамды қалыптастыру үшін не істеу керек?
– Қазақтілді қоғам қалыптастыру үшін біз қолданушыларға барлық ресурсты қазақ тілінде тауып бере алуымыз керек. Бұл өте маңызды. Сол себепті әріптестерімді шығармашылықпен айналысуға және қазақ тілді ресурстар қорын толықтыруға атсалысуға шақырамын. 
– Әңгімеңізге рақмет.


Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: