Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Жүйелі шаралар ғана нәтиже береді

Экономикалық көрсеткіштің бағыт-бағдары мемлекеттің жұмыспен қамту әлеуетіне тікелей қатысты. Оның ішінде жастардың үлес салмағы көпвекторлы саланың болашағы қалай құбылатынын айқындайды десек, артық емес. Осы орайда «Қазақстан үшін алаңдауға себеп бар ма?», «Әлемдік қауымдастық қандай баға береді?», «Аймақтағы ахуал қалай?» деген сауалдарға жауап іздеген орынды секілді.
Өткен жылы жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызға жеткен. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 9 млн адам жұмыспен қамтылған. Олардың 6,9 миллионы жалдамалы қызметкер болса, 2,1 млн адам – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Жұмыссыз адамдардың саны 453,5 мың екені белгілі болды. Ал жастардың жұмыссыздық деңгейі 4,1 пайызды құраған. Бұл – жылжабар дерек.
Жасыратыны жоқ, жыл сайын Үкіметтің сірескен есеп-қисабы мен амбицияға толы жобалары қоғам үшін мүмкіндік есігін ашады. Оның үстіне, бөлінген миллиардтаған қаржы мен мінберде айтылған жобалар да дәмелі жұртқа үміт сәулесіндей көрінетіні бар. Мұны айтудағы басты себеп, мемлекет тарапынан талпыныс болғанымен, салада айтарлықтай өзгеріс байқалмайтындай. Мамандар арасында мемлекеттегі негізгі индикатор – инфляция деңгейі өсуде, кедейшілік көрсеткіші мен жұмыспен қамту балансы сәйкес келмеді деген пікір басым. Мұны Дүниежүзілік банктің  наурыз айындағы жариялаған «More Better and Inclusive Jobs in Kazakhstan» атты есебі де растап отыр.  Қазақстанның еңбек нарығын сараптауға арналған 56 беттік қорытындыда елдегі жұмыспен қамтуды тежеуші фактор, алға жылжу мүмкіндігі секілді тақырыпты кеңінен талдаған.
Ұйым есебіне шолу қорытынды бөлімге жүк болсын, бастысы – аталған тақырыптың аймақпен қабысқан тұсын саралау, осы бағытта атқарылған істі сараптау. Сонда ғана мәселенің елдегі ғана емес, өңірдегі болашағын байыптауға мүмкіндік тумақ.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сала басшылармен кездесуде жұмыспен қамту ісіндегі олқылықты, еңбекпен қамту халықты әлеуметтік тұрғыдан қорғаудың маңызды бағыты екенін баса айтуда. Өткен жылы әлеуметтік-экономикалық даму жөніндегі кеңесте Президент Үкімет пен әкімдерге 2030 жылға қарай 3 миллион 300 мың адамды жұмысқа тұрғызу туралы тапсырма берген болатын. Тіпті оның 2,2 миллионы жастар болуға тиіс дегенін естідік. Кейін еңбекпен қамту алгоритмін ұсынып, әкімдерге аймақтағы жұмыс нәтижесін тұрақты түрде баяндауды тапсырды.
«Елімізде аймақтардың жұмыспен қамту карталары бекітілген. Соған сәйкес жыл сайын шамамен 950 мың адамға жұмыс тауып беру көзделген. Ол үшін бюджеттен 130 млрд теңге бөлінді. Осы субсидия арқылы 150 мың адам жұмысқа орналасады. Оның бәрі – жастар және әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтар» деді Мемлекет басшысы.
Орайы келгенде аймақтағы жұмыспен қамту ісіне салмақ бере баяндайық. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, облыстағы жастар саны – 244 865 адам. Бұл – жалпы халықтың 29,1 пайызы. Соның ішінде өткен жылы жұмыспен қамту органдарына 9524 жас тіркелген. Олардың 65 пайызы – орта білімнен кейінгі білім, 35,9 пайызы – орта техникалық білім, 74,6 пайызы – жоғары білім, 78,9 пайызы – жоғары оқу орнынан кейінгі білім иегерлері.
Жастарды жұмыспен қамту бағытында қандай шара іске асатынын білу үшін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен байланысып бірқатар сауал қойған болатынбыз. Білгеніміз, биыл өңірлік карта шеңберінде 280 жоба бойынша 171 жұмыс орны, «10 мың адамға 100 жұмыс орын» құру тапсырмасына сәйкес 466 жұмыс орны құрылған.
Бүгінде жастарды еңбекпен қамту жобалары жақсы нәтиже көрсетуде. Көбі бірнеше жылдан бері жүзеге асып, жұмыссыздық деңгейін төмендетуде теңдесіз мүмкіндікке айналған. Биыл да жалғасын тапқан бағдарлама бойынша жұмысқа орналасқандар саны басым. Мәселен, жыл басынан бері «Жастар тәжірибесі» арқылы 434, «Әлеуметтік жұмыс орындары» арқылы 45, «Ақылы қоғамдық жұмыс» арқылы 2071, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы негізінде 34, «Ұрпақтар келісім-шарты» жобасы аясында 4 жас жұмысқа жолдама алған. Бұдан өзге 617 жас бос жұмыс орындарына орналастырылды.
Айта кетерлігі, ел арасында бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің көмегімен екі қолға бір күрек тапқан азамат саны артқан. Бұл жұмыс беруші мен мемлекеттің бірлесе ұйымдастырған жүйелі шарасының жәрдемі екені сөзсіз.
– Жалпы жұмыссыз жастарды ақпараттандыру мақсатында «Мансап орталықтары» тұрақты түрде бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін өткізіп келеді. Жыл басынан бері 16 рет бос жұмыс орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Онда 211 жұмыс берушіден 952 бос жұмыс орны ұсынылып, жәрмеңкеге қатысқан 1002 жұмыссыздың ішінен 316 адамға тұрақты, 29 адамға уақытша жұмыс табылды. Жәрмеңке арқылы жұмыспен қамтылғандардың  78,7 пайызы – жұмыссыз жастар.
Бұған қоса, 2023 жылдың тамыз айынан бастап tanda.enbek.kz платформасында бос жұмыс орындарының онлайн жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Пилоттық режимде өткізілген жәрмеңкеде 18 жұмыс берушіден 281 бос жұмыс орны ұсынылып, 1102 аймақ тұрғыны қызығушылық танытып, оның 132-сі жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды. Келесі онлайн жәрмеңке қазан айының алғашқы онкүндігінде аталған порталда өтеді, – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Жанар Дәулетбаева.
Жұмыспен қамтудың баламалы тәсілі – кәсіпке қолдау, яғни мемлекет жұмыссыз азаматқа жеңілдетілген несие, тіпті қайтарымсыз қаржы беріп, кәсіп бастауға жол ашады. Бұл нұсқаның тиімділігі сол, жұмыссыз адам бизнес бастап ғана қоймай, өзгелерді жұмыспен қамтуға жағдай туады. Ісі ілгерілесе, бос жұмыс орны саны артып, табысы артса, салық молаяды. Демек, домино принципі жүзеге аспақ.
Мақсат орынды, нәтиже ше? Мұндай тиімді тәсілдің жемісі жыл сайын көрінуде. Өткен жылдың өзінде облыстағы 1526 кәсіпкер жалпы сомасы 2 млрд теңгеден астам қайтарымсыз грант алған.
– Қайтарымсыз грант тыңғылықты тексеріс, комиссия бақылауы арқылы беріледі. Талап бойынша үміткер жұмыссыз әрі жеке кәсіпкер ретінде тіркелгеніне 3 жыл толмауы шарт. Әрине, халықтың әлеуметтік осал тобына жатуы негізгі ереже саналады. Барлық ескертпе орындалса, азаматтар конкурстық негізде 400 АЕК мөлшеріне дейін қаражат алады, – дейді Еңбек мобильділігі орталығы басшысының орынбасары Ақерке Жалғасбекқызы.
Ресми мәліметке сенсек, өткен жылы тамақ өнімін шығару бағытында 255, балық, омарта және бал ара шаруашылығы бағытында 20, тігін өнеркәсібі, қолөнер бұйымдарын шығару бағытында 119, егін және мал шаруашылығы бағытында 646 грант берілген. Сонымен бірге сырбойылықтар құрылыс және тұрмыстық материалдарды өндіру, дәнекерлеу бойынша 143 грант алса, түрлі қызмет көрсету бағыты аясында 344 жобаны сәтті қорғаған. Биыл да 1556 қайтарымсыз грант берілетін болады.
Сонымен қатар 2023 жылдан бастап кәсіпкерлік бастамаларға қолдау көрсету мақсатында жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беру қолға алынғаны белгілі. Өткен жылы 457 адам бағдарлама игілігін көрсе, биыл 400 жас бұл мүмкіндікті пайдаланады деп жоспарланған.
– Облыс бойынша соңғы 3 жылдың ішінде 8787 адам кәсіпкерлік бастамаларына мемлекеттік қайтарымсыз грант алған. Олардың 43,6 пайызы 2021 жылға, 38,9 пайызы 2022 жылға, 17,4 пайызы 2023 жылға тиесілі. Осы аралықта барлығы 8,5 млрд теңге бюджет қаржысы  бағытталды. Ал гранттардың басым бөлігі мал мен құс шаруашылығына, еңбек құралдары мен технологиялық жабдықтар алуға жұмсалған, – деді Жанар Жұмабекқызы.
Өкініштісі, кейінгі уақытта аймақ тұрғындары арасында мемлекет беретін көмекті жүйесіз пайдаланып, заңсыз қаржы иеленуді көздейтіндер байқалған. Өткен жылы бұрынғы жұмыспен қамту орталықтары басқарманың құзіретіне берілгеннен кейін Еңбек мобильділігі орталығы арқылы грант алғандарға мониторинг жүргізілген. Мамандар өткен жылы 727 грант алған кәсіпкерді тексеріп, нәтижесінде 67 грант алушының ісі мақсатсыз пайдаланғаны үшін сотқа жолданды. Қазір оның 8-і бюджетке қаржысын кері қайтарып, қалған 59-ы сот шешімін күтуде.
Бұдан бөлек, облыстық мемлекеттік кірістер органдарымен бірлесіп сырттай талдау жүргізгенде 8787 грант алған кәсіпкердің 52,4 пайызы кәсібін жауып тастағаны анықталған. 2021 жылы 26, 2022 жылы 1463, 2023 жылы 2562, 2024 жылдың 2 айында 555 кәсіпкер жұмысын тоқтатыпты.
– Биыл субсидияланатын жұмыс орындарына бөлінген қаржының мақсатқа сай жұмсалуына мониторинг жүргізілді. Шара қорытындысына келсек, Қызылорда қаласы бойынша мониторингтік топ 344 адам жұмыс жасайтын 70 мекемені аралады. Бұл мекемелерде «Ақылы қоғамдық жұмыс», «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар тәжірибесі», «Әлеуметтік жұмыс орны», «Күміс жас» секілді бағдарлама аясында еңбек ететін жастар бар. Жұмыс нәтижесі облыс орталығындағы «Мансап орталығы» филиалына жолданды. Бұл бағыттағы талдау жыл көлемінде жүргізілетін болады, – деді басқарма өкілі.
Негізінен кейінгі 3 жылда басқарма қолдау көрсеткен кәсіпкерлер қазынаға 358 млн теңге түсім әкелген. Оның ішінде ең көп үлесі, яғни 246,7 млн теңге өткен жылдың еншісінде. Демек, жыл сайын мемлекеттік кіріс ұлғаюда.
Бағдарлама санын арттыру, қаржы көлемін көбейту, жұмыс орнын құру жақсы-ақ. Алайда сөз басында айтқандай, сірескен сан экономикалық балансқа шынымен пайда әкеліп жатыр ма? Мәселе осында. Сондықтан сәті туғанда күрмеулі тақырыптың тасадағы қос тіні – экономикалық баланс пен ұзақ перспективалық  әлеуетін тарқатайық.
Дүниежүзілік банктің ай басында жариялаған дерегін айттық. Онда Орталық Азия елдерінің, соның ішінде Қазақстанның еңбек нарығы туралы мәліметтен түсінгенімізді келтірейік. Есепте жұмыспен қамтылған жастар үлесінің маңызы, елдегі еңбек миграциясы мен урбанизация дамуының келешегі сарапталған.
«Жұмыс орындарын көбейту үшін қалалық инфрақұрылым маңызды. Себебі негізгі жұмыс көзі қалада орналасқан. Ғаламдық тәжірибе көрсеткендей, бұл урбанизацияның өркендеуіне әкеледі. Қазақстанда экономикалық өсім қалаға келген жұмыс күшінің есебінен дамуда. Алайда Астана, Алматы, Шымкент еңбек миграциясына жайлы орта қалыптастырғанымен, өзге өңірлермен салыстырғанда еңбекақының алшақтығын тудырып отыр. Бұл шалғай өңірлердегі жұмысқа қабілетті азаматтардың аталған қалаларға көшуін жылдамдатуда» деген баға берген Дүниежүзілік банк.
Сонымен қатар Қазақстан үшін ауыл шаруашылығы, IT саласының «көзір» екенін жеткізген. Әсіресе, кәсіпкерлерге жерді жалға беру, қойма жүйесін дамыту, логистикалық компанияларға мүмкіндік беру  реформасының артықшылығына тоқталады. Бұл ретте мемлекет еркін бәсекеге жол беріп, кәсіп иелеріне шектен тыс «өбектемеуі» керек екен. Сонда ғана кәсіпке сұраныс артып, еңбек нарығында бірізділік болмақ.
Бағдардың басым бөлігі – экономикалық баланс. Ұйым пікірінше, еліміз экономика секторын әртараптандыруды жүзеге асырмаса, болашақта еңбек нарығындағы жобалар нәтиже бермейді. Себебі қазіргі жұмыс орындарының салалық бағыты тар, жастар бәсекеге қабілетті мамандықта жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылуы ықтимал. Бұл өз кезегінде экономикалық балансты жояды.Ұйым объективтілік шеңберінен шықпау үшін Үкіметтің аймақтардағы жұмыспен қамту жоспарына оң баға берген. 
Енді қазақстандық мамандардың алаңына ойысайық. Ол – ұзақ перспективалық  әлеуетке бейқам қарау. Көбінің пайымынша, жастар мемлекет ұсынған жұмыспен қамту бағдарламаларынан бас алып қашады. Оған бірнеше себеп бар. Алғашқысы – бағдарлама ұсынатын жалақының нарықтағы көрсеткіштен аздығы. Кейінгісі – жас буынның әкімшілік басқару, қаржы, заң саласы секілді танымал мамандықта жұмыс істеуге құлшынысы. Салдарынан көп азамат мемлекеттік бағдарлама бойынша орналасқан мамандығын игере алмай, еңбек адаптациясынан өте алмағасын жұмыстан шығуға асығады. Міне, осы екі себеп жобалардың жүзеге асуына, ұзақ перспективалық  әлеуетін ашуына қолбайлау болып отыр.



Ерсін ШАМШАДИН

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: