Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасынан кеңес алып, өз кәсібін ашушылар қатары күн санап өсуде. Бұл жайында Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгінгі кейіпкеріміз 15 жыл медицина саласында еңбек еткен қызылордалық дәрігер Алмат Байнаев. Сүйікті ісін кәсіпке айналдыруды мақсат тұтқан ол Кәсіпкерлер палатасының кеңесшілерімен ақылдаса келе халық көп шоғырланған елді мекен Тасбөгет кентінен лор кабинетін ашуды жоспарлайды.
Бұл ретте палата кеңесшілері несиені облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайын дамыту мақсатында жобаларға қаржылық қолдау көрсету және ауылдық жердегі жобаларды жеңілдікпен қаржыландыру мақсатында құрылған «Қызылорда» аймақтық инвестициялық орталығы арқылы алуға кеңес берді.
Кәсіпкер аталмыш орталық арқылы 5 млн.теңге несие алып, жапондық, қытайлық медициналық аппараттар: портативті эндоскоп пен лор-комбайнын сатып алды. Бұл аппараттар медицина саласында жаңа технологиямен жұмыс жасауға және науқасты емдеуде де біраз мүмкіндіктер береді.
Лор – комбайн аппаратының керемет емдеу диагностикалық мүмкіндігі бар. Құрылғының жетілдірілген Визуалды эндоскопиялық жүйесіне орай лор-органдарды зерттеу барысында бірден сол сәтте-ақ монитор арқылы құлақтың, мұрынның бұрын көруге қиын болған қуыстарының үлкейтілген түрін көруге болады. Лор комбайн тек ауру түрін анықтап қана қоймайды, сонымен қатар емдеу әрекеттерінің де көп түрін жүргізе алады. Бұл кабинеттің ашылуы Тасбөгет кенті мен сол маңға қарасты елді мекен тұрғындарының қала орталығына жүгірмей, жақын жерден ем алуына мүмкіндік туғызып тұр дейді дәрігер.
«Ашылғанына екі-ақ ай болған лор-кабинетіне келушілер саны көп. Күніне он-он бес адамды емдеудеміз. «Қызылорда» аймақтық инвестициялық орталығы арқылы 5 жылға 7 пайызбен несие алып, нәтижесінде үш адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Болашақта кабинетті кеңейтіп, емдеудің басқа да түрлерін қосуды көздеудемін» - деп жоспарымен бөлісті Алмат Байнаев.
Айта кету керек, жыл басынан бері Кәсіпкерлер палатасы кеңесшілерімен 6346 кәсіпкерге 12500-ден астам қызмет көрсетілді. Соның ішінде кәсіпкерлердің 150 жобасы сүйемелденді. Айта кету керек, сүйемелденген жобалардың 94 пайызы ауылдық елді мекендердікі.