Осы аптаның сейсенбісінен бастап Қызылорда мен Жезқазған арасында арнайы жолаушылар пойызы қатынайтын болды. Бұл жергілікті жұрттың көңілінен шығып отыр.
Осы орайда Сексеуіл кентінің тұрғыны, зейнеткер Жұма Есқазиева өз лебізін білдіреді.
– Мен үшін «Қызылорда-Сексеуіл-Жезқазған» бағытындағы жолаушылар пойызының жолға шығуы үлкен қуаныш болды. Себебі, мен осы уақытқа дейін Жезқазғанда тұратын қызыма бару үшін ұзақ жолдың машақатын тартатын едім. Енді міне, ауылымыздың үстінен тура Жезқазған қатынайтын пойыз шығып отыр. Осы жаңалықты естіген бойда алғаш бағыт алған пойызбен қызыма қонаққа бара жатырмын. Лайым осындай жағымды жаңалығымыз көп болып, ел ырысқа кенеле берсін, – дейді ол.
Шындығында, бүгінгі күнге дейін осы екі аралықта көлік қатынасы өте қиын болып келді. Теміржол арқылы мүлдем қатынас жасалмады. Былтыр іске қосылған «Бейнеу-Сексеуіл-Жезқазған» теміржолы бұрыннан түйткілді болып келген аталмыш мәселелердің түйінін тарқатты.