«АРАЙЛЫМ» ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНА МЕМЛЕКЕТТЕН ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛДІ
Қызылорда қаласындағы «Арайлым» шаруа қожалығында ет бағытындағы түйе, жылқы және сиыр малын көбейту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 2013 жылы құрылған шаруа қожалығы «Агробизнес-2020», «Сыбаға» және «Құлан» бағдарламалары арқасында мал басын көбейтуге өз үлесін қосуда.
Шаруашылықта бүгінгі күні 235 бас сиыр, 317 бас жылқы, 88 бас түйе өсірілуде. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында шаруа қожалығына ағымдағы жылы мал азығына 7914,4 мың теңге субсидия берілген. Өз кәсібін дөңгелетіп отырған шаруашылық қазіргі таңда
6 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған. Шаруа қожалығы мал өсіруден басқа егін шаруашылығыменде айналысуда.
Ерібаев Орынбасар, «Арайлым» шаруа қожалығының төрағасы:
-Малдан бөлек мемлекеттік қолдаудың арқасында жалға жер алып, 55 гектар жерге күріш, 58 гектар жерге жоңышқа ектік. Сол жоңышқаны және күрішті ақтап, малға азық қыламыз. Ол жақта да қазір 7 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Осы малдың селекциясына және жем-шөбіне субсидия негізінде ақша беріліп жатыр. Бірінші жем-шөпті өзіміз егіп, қалған жетпеген жем-шөбін өзіміз сатып аламыз. Тағыда бөлек шаруашылықта мал бордақылау алаңы да бар.
Алдағы кезеңде шаруа қожалығын кеңейтіп, қала тұрғындарын табиғи сүт және ет өнімдерімен қамтуда көзделген.