АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ КООПЕРАТИВТЕРІНІҢ ТӨРТТЕН БІРІ ҚЫЗЫЛОРДАДА ҚҰРЫЛАДЫ
Бұл туралы ауылшаруашылығы кооперативтері мәселелеріне арналған жиында Қызылорда облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бақыт Жақанов хабарлады.
- Ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу өндірісі үшін жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктіру мақсатында «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» ҚР заңына сәйкес Қызылорда облысында 104 ауылшаруашылығы кооперативін құру жөнінде шешім қабылданды. Оның 94-і әділет департаментінде тіркелсе, 10 кооператив құжаттарын тіркеуге тапсырды. Республика бойынша 448 кооператив құрылған,- деді Бақыт Жақанов.
Құрылған кооперативтердің ішінде 17-і мал шаруашылығына, 31-і егіншілік саласына, 32 кооператив өңдеу және 1 кооператив су шаруашылығында жұмыс атқаруға бағытталса, 13 кооператив көпсалалы - егін, мал, балық шаруашылықтарымен қатар өңдеу саласына өз жұмысын бағыттап отыр.
Жиын барысында несиелеу, кооперативтер жұмысын ұйымдастыру мәселелері талқыланып, жауапты тұлғаларға тапсырмалар берілді.
Анықтама үшін: Облыста 25,6 мың адам жеке қосалқы шаруашылықтарда жұмыспен қамтылған. Бүгінгі таңда облыста өңдірілетін сүттің 85 пайызы, еттің 84 пайызы жеке секторда өндіріледі. Жеміс-жидектің және көкөністің басым бөлігі де жеке қосалқы шаруашылықтардың үлесінде.