Желіде Алматыдағы Шығыс айналма автожолының маңында құқық қорғау органдары өкілдерінің сиыр қуғаны түсірілген видео тарады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Кадрлардан ер адам мен тәртіп сақшысы сиырдың соңынан қалай жүгіргенін көруге болады.
Полиция департаментінің өкілдері бұл оқиға 20 қыркүйекте сағат 12.00 шамасында болғанын айтады. Жануардың жолдың бойымен жүгіріп, жүргізушілерге қауіп төндіргені белгілі болды.
"Сиыр Шығыс айналма жолымен батыс бағытта жүгіріп келе жатқан. Өтіп бара жатқан полиция экипажы оны тоқтатпақ болған. Оның иесі Алматы облысының 75 жастағы тұрғыны екені анықталды. Ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 408-бабының 1-бөлігі ("Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю ережелерін, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету ережелерін, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою ережелерін бұзу") бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - деді Алматы қаласы ПД баспасөз қызметіндегілер.