Аудандық ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жобасы аясында «Ауғаныстан соғысы және патриот жастары» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Жаңақорған жастары жазиралы даламыздың сырын ішіне бүккен құпиясына бір үңілмекке сапарға шықты. Сапарға әр ауылдық округтен 14-29 жас аралығындағы 45 жас шықты.
Алдымен тарихтағы ежелгі қалашық Сығанақтың орнына барып тарихымен танысты. Аудандық мұражай қызметкері Таждинов Бақдәулет қаланың тарихымен таныстыра отырып, негізі қаланған тұстан бастап, тарихшы ғалымдардың деректерін тілге тиек ете отырып жастарға мол мағұлмат берді.
Келесі бағыт Түркістанның солтүстік-батыс жағындағы 30 шақырым жерде орналасқан орта ғасырдағы қалалардың бірі - Сауран қаласы. ХІІ ғасырда ірі сауда орталығы ретінде іргетасы қаланған қаланың орнымен танысты. Мұражай қызметкері Б.Таждинов Сауран қаласы жайлы алғашқы деректер араб саяхатшыларының жазбаларынан кездесетінін атап өтті. Сауран сапарынан соң жігерлі жастар қауымы «Ақтас мешіті» мен «Айқожа ишан» кесенесімен танысты. Атағы тек Сыр өңіріне ғана емес, біршама мұсылман қауымына белгілі болған Айқожа ишан дін Ислам жолында имам болып, шәкірттер тәрбиелеген. Республикалық маңызы бар тарихи мұралардың қатарына енген Ақтас мешіті 1884 жылы салынған.
Жастар бабалар рухына құран бағыштап, жолсапарды түйіндеді.