Facebook WhatsApp Instagram

Мәдениет

0

Аққырлық ақын және суретші шығармашылық кеш өткізді

Аққырлық ақын және суретші шығармашылық кеш өткіздіЖалағаш ауданы орталығында Аққыр ауылының 50 жылдығы аясындағы салтанатты мерекелік шаралар болып өтті. 
Сағат 18.00-де Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінде аққырлық ақын, суретші, Қазақстан Суретшілер одағының және театр қайраткерлері одағының мүшесі Мейрамбек Әбжатовтың шығармашылық кеші болды. 
Салтанатты кешке Алматы қаласынан елімізге танымал жазушы-зертеуші, Жалағаш ауданының Құрметті азаматы Тынышбек Дайрабай, жазушы-журналист, кәсіпкер-меценат Құрманғали Ашанұлы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы мәдениет қайраткері, Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің бас редакторы Ертай қажы Айғалиұлы сондай-ақ Қызылорда қаласынан қонақтар, Аққыр ауылының тұрғындары қатысты.
Ақынның шығармашылық кешінде аудан әкімі Талғат Дүйсебаев ақынды бүгінгі шығармашылық кешімен құттықтап, алдағы жұмыстарына табыс тіледі. Сондай-ақ қос өнердің тізгінін ұстаған ақынның кеудесіне «Аққыр ауылына 50 жыл» мерекелік медалін тағып, 28 дискіден тұратын аудиожазбалар жинағы «Қайталанбас дауыстар» деп аталатын Сыр саңлақтарының антологиясын тарту етті. Туған елді сағынып қауышқан ақын үшін бұл баға жетпес сыйлық болды. 
Мерекелік кеште Алматы, Шымкент, Қызылорда қалаларынан келген қонақтарға мерекелік медальдар табыс етіліп, ақынның сөзіне жазылған әндер шырқалып, кеш соңы орталық алаңда Аққыр ауылынан шыққан өнер шеберлерінің галаконцертіне ұласты. 
Галаконцертте Аққыр ауылынан шыққан республикалық конкурстардың лауреаты, елімізге белгілі ақын-сазгер Кәрібаев Қойшыбек, Абай атындағы опера және балет театрының әншісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық конкурстар мен фестивальдардың бірнеше дүркін жүлдегері, 2011 жылы «түркі әлемінің ең үздік әншісі номинациясының» иегері Гүлзат Дәуірбаева, Оңтүстік Қазақстан облыстық опера және балет театрының әншілері, Республикалық конкурстардың лауреаттары Гауһар мен Ғани, республикалық «Жас қанат», «Арай», «Шәмші әндері» байқауларының лауреаты, «Аймақтар аламаны» телевизиялық конкурсының бас жүлдегері Зұлпықаров Нұржан, әнші-сазгер Талдықорған әуендері халықтық, фольклорлық-этнографиялық ән-би ансамблінің әншісі Гүлнұр Нұрасылова сынды әншілер ән шырқап, аққырлық ақындар өлеңдерін оқыды. 
Тамылжыған тамыз айында Аққыр ауылының 50 жылдығы аясында өткен мерекелік шаралар Жалағаш аспанын сырлы саз, әсем әуенмен көмкеріп, көңілдерге қуаныш ұялатты.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: