Қазалы ауданының әкімі Нажмадин Шамұратов ардагерлерден құралған «Атамұра» ансамблінің мүшелерімен кездесті. Бұл жайында аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Талай кештерде өз өнерлерімен көпшілікті тәнті қылып жүрген ардагерлерге өз ризашылығын білдірген аудан басшысы олардың әрбір ісінің жастарға үлгі екендігін тілге тиек етті. Сондай-ақ, барлық бастамаларына әрқашан қолдау білдіретіндігін де жеткізді.
Кездесу барысында ансамбль мүшелері сахналық киім, іссапар көлігіне қатысты ұсыныс-пікірлерін білдірді. Аудан әкімі Н.Шамұратов айтылған мәселелердің оң шешімін табатындығын жеткізді. Өз кезегінде сөз алған ансамбль жетекшісі Орақ Баубеков өнерлерін бағалап, жылы шырай танытып жатқан аудан басшысына ансамбль мүшелері атынан алғысын білдірді.