Әлемге әйгілі жерлесіміз, талантты музыкант Батырхан Шүкеновтың өмірден өткеніне бір жыл толуына байланысты 27-28 сәуір күндері «Отан-Ана» республикалық әншілер байқауының гала-концерт өтті.
Конкурстың бірінші күні ұйымдастырушылар баспасөз-мәслихатын өткізіп, сайыстың шарттарын түсіндірді. Бақауға қатысушыларға қойылған негізі талап жанды дауыста Батырхан Шүкеновтың бір әнін және өз таңдауы бойынша тағы бір туынды орындауы тиіс болды.
Байқауға қатысу үшін еліміздің түкпір-түкпірінен 200-ден астам адам өтініш білдірген. Солардың арасынан 26-сы іріктеліп алынды.
Байқауға Қазақстанның халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Рымбаева, композитор-музыкант бүкілодақтық эстрада әртістері конкурсының лауераты Яков Хан, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рамазан Тайманов, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Сәдуақасова сынды өнер иелері қазылық етті.
Батырхан Шүкенов атындағы республикалық «Отан-Ана» байқауының бас жүлдесін қарағандылық Ербол Тәжиев жеңіп алды. Ал бірінші орын Астанадан келген Дәурен Оразбеков пен карагандылық Әлібек Шәкенов есімді екі бірдей жас өнерпазға берілді. Байқаудың екінші орынын Батыс Қазақстан облысының өнерпазы Сұлтан Қайырсапиев пен қызылордалық Ерлан Байбазаров иеленді. Үшін орынға атыраулық Динара Хайруллина мен Шығыс қазақстандық Жанерке Қабатаева және сырбойылық Дархан Қаматаев лайық деп танылды.
Мұнан бөлек, Қарағандыдан келген қатысушы Лаура Айтбаева Б.Шүкеновтың отбасының атынан арнайы сыйлықтың иегері атанды. Ал облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының дайындаған сыйлығын алматылық Нұрболат Базарбаев қанжығалады.
Батырхан Шүкеновты еске алуға арналған шаралар мұнымен біткен жоқ. Шара қонақтары мен байқау қатысушылары Тұңғыш Президент атындағы саябақта ағаш отырғызып, облыстық тарихи-өлкетану мұражайына музыканттың жеке заттарын тапсырды.
28 сәуір күні Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева мен байқау қатысушылары гала-концертте өнер көрсетті. Батырхан туралы естеліктер айтылып, оның әндері шырқалды. Бұл сайыс дәстүрлі түрде екі жылда бір рет өткізіліп тұрады деп жоспарлануда.