Facebook VK WhatsApp Instagram

Мәдениет

0

ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ АСТАНА КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАУЫ


Құрметті қызылордалықтар!
Баршаңызды, Тәуелсіздік жылдарында қол жеткен ең үлкен жетістігіміздің бірі, Елбасымыздың төл туындысы, Сарыарқаның төріндегі Елордамыз – Астана қаласының 20 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл күн, Тәуелсіз еліміздің тарихында айтулы орын алар, маңызы терең мерекелердің бірі.
Астана – елдігіміздің нышаны, береке-бірлігіміздің ұйытқысы, абыройымыздың айғағы.
Бүгінде әлемдік деңгейдегі мәселелерді талқылайтын алаң, саяси және мәдени шаралардың ошағы, жаңашылдық пен жазампаздықтың озық орталығы – Астана, Елбасының еліне деген шексіз сүйіспеншілігі, бабадан мұра кең байтақ қазақ жеріне деген махаббаты мен құрметінің туындысы.
Алаштың асқақ армандарының ақиқатқа айналып, қазақ ұлтының ұлы тұғыры саналатын Астана қаласы - біздің еліміздің мәуелі бүгіні, баянды болашағының бейнесі.
Ерке Есілдің бойын жағалай орналасқан әсем қала 20 жылдың ішінде сәулеті мен дәулеті асқан, архитектуралық ерекшелігімен талайдың таңдайын қақтырар әлемдік деңгейдегі қалалардың біріне айналды.
Еуразия құрлығының кіндігінде орналасқан Астана бүгінде Шығыс пен Батысты жақындастыратын, әртүрлі мәдениеттер мен өркениеттерді қауыштыратын, бейбітшілік пен тұтастық идеясын тарататын орталыққа айналды.
Құрметті жерлестер!
Мұның барлығы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың және бірлігі жарасқан, дархан пейілді халқымыздың зор еңбегінің жемісі!
Халқымыздың жүрегі, еліміздің тірегі - Астана қаласы жасай берсін!
Осынау мерейлі мереке күні, баршаңызға дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға құт-береке, еңбектеріңізге табыс, елімізге бейбітшілік пен баянды болашақ тілеймін!
Сұлу Астанамыз қарыштап дами берсін!

Ізгі ниетпен,
Қызылорда қаласының әкімі
Н.Нәлібаев
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: